Белсенді ұстаз Айман Сағидулла Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ұсыныс жасап, арнайы видео жариялады деп жазады Democrat.kz.
Белсенді ұстаз таяуда ғана министрлік жанынан құрылған "Нормативтік құқықтық актілерді талдау бойынша" құрылған жұмыс тобының жиналысына қатысты пікірін білдіріп, министр Сүлейменовадан осы мәселеге назар аударуды сұрады.
"Өткен жұма күні жұмыс тобының жиыны өтті. Сол жиында төрт қана адам сөйледі. Төрт адам ғана, мен, Тілекқабыл Нұрышов, Мейіржан Темірбек және Гүлнара ханым сол жиынға дайындалған, болды. Тізімде көрген 39 адамның ешбірі дайындықсыз, заңды талқылауға жиынға қатысты.
Бұл қалай? Заңды талқылауға дайындықсыз қатысуды қалай түсінбек керек?
Келесі мәселе, жиында талқыланған 57-бұйрық, 130-бұйрық, 197-бұйрық, 83-бұйрыққа қатысты өз ұсыныс, пікірлерімізді айтқанымызбен, министрлік өкілдері тарапынан тек қарсылыққа ұшырап отырдық.
Жиында сөйлеген төрт кісінің пікірлерін керіге шығарған өкілдер бұйрықтардағы кемшіліктерді түзетуге ниет танытпады. Олай болса, біз ол жиында не үшін отырмыз? Біздің пікір, ұсыныстар назарға алынбаса, ондай жиынға не үшін қатысып отырмыз?
Заңдар мен бұйрықтар дұрыс болатын болса, онда министрліктің жанынан арнайы жұмыс тобы не үшін құрылды? Әлде, "заңды өзгерткендердің ішінде Айман, Тілекқабыл, Мейіржан болған, солардың жасағаны" дегізу ме мақсаттары?
Былыққа толған заң мен бұйрықтардың қабылдануына себепкер болғымыз келмейді. Бізді жұмыс тобына сенім артып Жұлдыз Досбергенқызы қосты. Министрдің бұл сеніміне алғыс айтамыз.
Алайда министрдің айналасындағылар мен жұмыс тобында үнсіз отырғандардың не мақсаты барын, мен түсінбедім. Министрлік өкілдері мен жұмыс тобының басқа мүшелері талқыға ұсынылған заң мен бұйрықтардың кері тұстарын көргісі келмейді екен, ал біздің тарапымыздан айтылған сыни пікірді қабылдамайды екен. Олай болса, бұл жиынға біздің қатысқанымыздың не керегі бар?
Келесі мәселе, біз осы заңдарды қарап шығу үшін жұмыстан бос, ресми демалыс уақытымызда уақыт сарп етіп отырмыз. Ешкім жұмыстан босатуға арнайы бұйрық, хат жолдамады. Жұмыс тобының жиынын ұйымдастырушылардан "Уақытты өздерің табыңдар, бос уақыттарыңда келіңдер" деген жауаптан басқа нәрсе естімедік.
Бұл біздің жеке мәселеміз немесе тікелей міндетімізге кіретін жұмыс емес қой?! Соған қарамастан, ресми демалысымызда заң мен бұйрықтарды қарап, уақыт өткізіп отырмыз. Десек те, ең болмаса, жиын өтерде біз үшін сабағымызды өтетін мұғалімге жалақы төленуі керек.
Жалпы, менің түсінбегенім, неге 39 адамдық жұмыс тобының неге төрт адамы ғана сөйлеп, басқалары үнсіз отыр? Біз кемшілікті жөндеу үшін құрылған жұмыс тобының мүшелеріміз. Жұмыс тобының заң талқылауға дайындықсыз келетін, үнсіз отыратын өзге мүшелерінің қажеті бар ма?
Бұл бұйрық, заңдар оқушыларымыздың тағдырын шешетін маңызды құжаттар. Ал сондай құжатты талқылауда "уақыт тығыз, тез сөйлеп, тез бітір" деу, "тез қарап, тез дайында" деу ақылға сыймайтын дүниелер. Ең сорақысы, екі жүзден астам заңдар мен бұйрықтарды қайта қарап, түзету үшін бөлінген уақыт өте аз. Ал бәрінен де сорақысы, жұмыс тобының жиынының жоғарыда айтып өткендей өтуі болып тұр.
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым
Жұмыс тобының жиыны дұрыс өтіп жатқан жоқ.
Осыған назар аударуыңызды және бізді қолдауыңызды сұраймын!
Әріптестер!
Осы аптада 57-бұйрық, 130-бұйрық, 197-бұйрық, 83-бұйрық талқыланады.
Ойларыңызды айтып, бізге көмек көрсетулеріңізді сұраймын!
Осы жазбаның астына сол бұйрықтардың кемшілігін жазып қалдырсаңыздар", деді Айман Сағидулла.