Білім бөлімі қазақ тілі оқулығына бойкот жариялаған ба, бұл қалай?

Білім бөлімі қазақ тілі оқулығына бойкот жариялаған ба, бұл қалай?

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы кей мектептерде әлі күнге оқулық жетіспеу мәселесі күйіп тұр деп жазады Democrat.kz.

Былайғы жұрт дамыған заманда өмір сүріп жатқанын ескерсек, Қазығұрт ауданындағы кей мектептердегі оқулық жетіспеушілігі артта қалушылықты білдіре ме, әлде арандары еш тоймайтын жемқорлардың кезекті ақша  асауының салдары ма?

Белсенді педагог Маржан Байымбетова осы мәселеге қатысты: "Қазығұрт аудандық Білім бөлімі ауданның қоғамдық кеңесіне берген есептеріңізде құрылыс және жөндеу жұмыстары, кітап қоры кеңінен талқыланды депсіздер, кітап, яғни оқулық бойынша не айттыңыздар?

Аудандағы өзге ұлттар оқитын 4-5 қана мектеп бар, бірақ олар өзге ұлттарға арналған немесе арналмаған болсын оқулықтармен дұрыс қамтылмағанын айттыңыздар ма?
 
Қазақстанда мемлекеттік тілді менсінбеген, қолданбаған дүкендер мен сауда орталықтарына ел тұрғындары жаппай бойкот жариялап жатқанда, біздің білім бөлімі қазақ тілі оқулығына ( өзге ұлттарға арналған) бойкотты жариялап тастадыңыздар ма?
 
Өзге ұлт балалары оқитын сыныптарда 2-3 балаға 1 оқулықтан келетінін білесіздер ма?
 
Мен бұл мәселені төрт жыл бұрын қозғағанымда біздің мектепке ғана қазақ тілі оқулығын басқа аудандардан уақытша сұрап әкеліп, жыл аяқталған соң қайтып әкетіп қалған.
 
Биыл оқулық қоры тағы жетіспесе басқа аудандардан сұрап әкелуге әрекеттеріңізді жасаңыздар.
 
Кітапханашыларымыздың мазасын алып жүрмеңіздер, жылда берілетін сұраныстарды тауып алып, сонымен жұмыс жасаңыздар!
 
Зерделеуге бұл мәселені де қосыңыздар, бір-бірімізді зерделеп тастайық" деп жазды. 
 
Осы жазбаның астында "Қазығұрттағы мектептерде оқитын балалар А4 қағазынан бастап, шүберек, бор, тіпті әжетхана қағазына дейін өздері алып барады екен. Сонда бұл өңірдің мектептеріне мүлде қаржы бөлінбейді ме, әлде бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей ме? Қызық жағдай…" дейтін пікір де жазылды. 
 
Мұнан бөлек, "Айта кеткенде, былтыр, Сарапхана ауылының мектептерінде кітап жетіспеушілігі бар екенін анықтағанмын. Далада 21 ғасыр. Өмір өтіп жатыр..." деген пікір де бар. 
 
Республика деңгейінде білім саласындағы материалдық база мәселелері өз шешімін тапты деп ойласақ, қателеседі екенбіз. 
 
Оқушыға ең қажетті оқулықтың болмауын қалай түсінбек керек? 
 
Бүкіл қазақстандық оқушының санына есептеліп шығарылатын оқулықтың тек Қазығұрт ауданындағы кей мектептерге жетпей қалуы - осы аудандағы талай былықтың бетін ашуға себеп болуы әбден мүмкін. 
 
Және оқулық жетіспеушілік мәселесі бір ғана оқу жылында орын алмағанын ескерсек, оқулыққа бөлінген қаржының қайда кетіп жатқанын аттандап іздеуге себеп болады емес пе? 
 
Өзге балалар интерактивті тақтамен сабақ оқып жатқанда, қазығұрттық кей балалардың тақта сүртуге, жазуға бор, шүберекті өздері алып жүргені - Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы бүкіл мектепті тексеру керек деген дабылды қағып тұр емес пе? 
 
 
Барлық жаңалықтар