Білікті ұстаз, білім саласының білікті маманы Мира Барказатқызы мұғалімнің ҚМЖ жазуы оның шынайы білімін көрсетпейтінін айтып, қазір қызу пікірталасқа түсіп отырған мәселеге қатысты өз тәжірибесінен мысал келтірді деп жазады Democrat.kz.
"Қырық жыл мен де мұғалім болдым. Он екі жылдан кейін сабақ жоспарын жазуға еркіндік алдым. Қай мектепте істесем де сабаққа қатысқан адамдар менен ҚМЖ таппайтын.
Сабақ өткізуге шығармашылық жұмыс ретінде қарадым. Сабақта оқушыға сурет салғызу, төрттік ұйқас құрғызу, қатені табу, түрлі-түрлі у-шу болған таласты сабақ өтетін. Кейде оқушылар сабақ өткізуді өздері жоспарлайтын.
2012 жылы үшінші деңгей курсынан өттім, оған барудың өзі жыр болған. Тәжірибеме сүйеніп, жоғарғы деңгейге өтініш жазып едім, биліктегілер ағылшынша білмейсің деп, үшінші деңгейге жіберген.
Курста Кембридждің оқыту тәсілдерін үйрендік, 2-деңгейді мектепте өздігімнен оқып (оған да биліктегілер жібермеген) меңгердім. 2016 жылы жаңа бағдарлама бойынша күнде ҚМЖ жаздым, бірақ жетістіктен бұрын қиналғаным көп болды.
2017 жылы 9 айлық жоғарғы деңгей курсынан өттім. Көшбасшылық деңгей курсы. Мектепті басқарудың тәсілдерін, зерттеу арқылы дамытудың тәсілдерін үйрендік.
Мектепті дамыту жоспарынан бастап, зерттеу сабақтарын өткіздік. Тәжірибемді “Өрлеу” тренерлерімен де бөлістім. Шетелдік педагогтердің аты-жөнін жаттадық, тәжірибесін үйрендік. Сондағы мықты Жанар Тоғыс, Ғалия Толықбаева сынды тренерлеріме рақмет айтамын. Үйренгенімізді әріптестерге үйреттік. “Тәжірибедегі тағылым” әдістемесін жазып, ұсындым. Әріптестеріп әлі де пайдаланып жүр. Ендеше бүгінде мұғалімге мұң болған ҚМЖ туралы өз ойымды ортаға салуға негіз бар деп ойлаймын.
ҚМЖ - сабаққа әзірленудің кілті екені рас. Менің сабақтағы әрекетім жоспардан өзгеше өтеді. ҚМЖ-ға қарап сабақ өткен емеспін.
Маған сабақтан кейінгі ой көп ұнайтын. Дайындалғанда әр баланың ерекшелігіне қарай тапсырманы жеңілдетуді, күрделендіруді жобалайтынмын.
Оқулықтағы тапсырмалар үш минуттан аспайтын. Көбі мақсатқа сай болмағандықтан, оны орындауды түрлендіріп жіберетінмін. Бірақ шаблондарға тек семинар мен ашық сабақтарда ғана жазатынмын. Мен көмектескен талай жас маман “Үздік педагог” атанған. ҚМЖ -ны шаблонға салу дұрыс емес, ол шаблонды жыл сайынғы бұйрықпен өзгерту және бекіту де дұрыс емес.
Мұғалім қай шаблонды да жайнатып жазады, бірақ уақытын жоғалтады. Оның үстіне бұйрықтар жиі ауысады да тексерушілердің өзі әртүрлі талап қойып, өздерінше кергіп жүреді.
Жыл басынан бері Алматыда бірнеше мектепке тексеру: әдістемелік көмек, бақылау топтары және соңғы кезде сәнге айналған сүйемелдеу топтары тексеру өткізді.
Бірі - 130 бұйрықпен (2019 ж), бірі - 472 бұйрықпен (2020 ж), енді бірі 383 бұйрықпен (2022 ж) ҚМЖ талап етті. Әрқайсысы дікілдегенде әлемде жоқ -ПАТША! Менікі -жөн, сенікі- теріс!-деп дікілдейді. Оның бәрін мұғалімдер өз топтарында талдап отыр. Әлгілердің айтқаны бұйрықтың өзін бұрмалап жібереді. Әйтпесе, жылы ауысқанымен мазмұны өзгермеген ҚМЖ шаблоны біреу-ақ. Тексеруші “Құдайлар” әлдері келгенге дігірлеген соң, мұғалімдер солардың үдесінен шығуға тырысады.
Кім қай жылғы ҚМЖ шаблонын талап етсе, сонымен сабақ жоспарын жасайды. Оны электронды журналға жүктейді. Бір ҚМЖ жасау үшін 2-3 сағат уақытын жоғалтады.
Күніне 6 сабақ болса, кем дегенде 6-7 сағат тек ҚМЖ дайындайды. Ал ол ҚМЖ-ның дидактикасы тағы бар. Түн жарымына дейін сабаққа әзірленеді. Ал оны жоғарыдағы “білгірлер” жоққа шығарып жатады.
- Енді оған құндылықтарды қос дейді, біресе құндылықтарды алып тастау керек,- дейді;
- әр тапсырмаға критерий жаз, оған дескриптор жаз, - дейді.
Мың құбылады. Олай мың құбылғанша , ҚМЖ-ны алып тастаған әлдеқайда дұрыс шешім", дейді Мира Барказатқызы.