Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе – педагогтердің жасының ұлғаюы деп санайды. Оның пікірінше, жасы үлкен мұғалімдерге цифрлық технологиялардың жылдам енгізілуіне бейімделу қиын, салдарынан білім беру сапасы төмендейді деп жазады Democrat.kz.
Елімізде жасы үлкен мұғалімдердің саны артуы білім сапасына тікелей әсер ететінін айтқан министр Жұлдыз Сүлейменова:
“Қазақстанның білім беру жүйесі тап болып отырған негізгі сын-қатерлер педагогикалық құрамның қартаюына, жас мамандар үлесінің төмендігіне және өңірлік теңгерімсіздікке байланысты. 50 жастан асқан мұғалімдердің үлесі артып келеді, ал 35 жасқа дейінгі жас мамандардың үлесі шамамен 15% деңгейінде қалып отыр. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен төмен”, – дейді.
Сонымен қатар министр мұндай проблеманың ауылды аймақтарда көптеп кездесетінін тілге тиек етіп:
“Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының өсуі, цифрлық технологиялардың енгізілуі және білім сапасына қойылатын талаптардың күшеюімен ұштаса келе, бұл жағдай оқыту сапасының төмендеуіне, инновациялық белсенділіктің шектелуіне және білім беру теңсіздігінің, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарда, тереңдеуіне қауіп төндіреді”, – деді.
Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы кешенді шараларды одан әрі күшейтуді жалғастырып жатыр.
Олардың қатарында педагогтер мен мектеп басшыларын цифрлық сауат пен заманауи білім беру стандарттары негізінде орталықтандырылған даярлау және қайта даярлау бағдарламалары, жас мамандарға арналған тәлімгерлік және қолдау тетіктері, ашық әрі түсінікті мансаптық даму жолдары, сондай-ақ халықаралық тағылымдамалар, сыйақылар мен қоғамдық мойындау арқылы мұғалім мамандығының беделін арттыру шаралары бар.
Десек те, министрліктің бұл айтқандарын педагогтардың барлығы қолдай қоймады.
Әлеуметтік желілерде министр айтқан педагогтардың жас мәселесіне қатысты "мереке қарсаңында министр көңіл күйімізді түсірді", "оқуды кеше бітіріп келген жас мамандар технология тілін білгенімен, балаға білім беру жағынан ақсап тұрған жоқ па?", "олай болса, мұғалімдерді 50 жастан зейнетке жіберсін" дегенге саятын пікірлер айтылуда.