Білімге қиянат: Жігіттер неге педагог болғысы келмейді?

Білімге қиянат: Жігіттер неге педагог болғысы келмейді?
Қоғам белсендісі Ербол Сәбитов еліміздегі педагог мамандарға қатысты пікір білдіріп, ойымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
 
"ҚР Оқу-ағарту министрлігінің осы жылғы бір мәліметінен Қазақстанда педагог мамандардың 82,1% әйелдер екендігін көзім шалды.
 
Сонда педагогикадағы ер азаматтар 20%-ға да жетпейтін болып тұр ғой.
Ұстаздық - мәртебелі мамандық.
 
Мұғалімдікке құжат тапсырып, мемлекеттік тапсырыс арқылы оқыған мыңдаған ер балалар бар.
Бірақ, көбісі педагогикалық мансап жолын жалғастырмай жүр.
 
Мұны педагогикалық мамандық бойынша оқу бітірген мамандар мен фактический білім беру мекемелерінде жұмыс істеп жатқан ер мұғалімдердің арақатынасындағы айырмашылықтан білуге болады.
Неге бармайды? Қалай ойлайсыздар?
 
Ал бағзы заманнан педагогика, ұстаздық, мұғалімдік мансаптың бастауында кімдер тұр еді?
Аристотель
Конфуций
Генрих Песталоцци
Герберт Спенсер
Константин Ушинский
Ян Амос Коменский
Джон Дьюи
Януш Корчак
Антон Макаренко
Мария Монтессори (ия, әйел кісі)
 
Өзіміздің қазақ педагогикасындағы нар тұлғалар - Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлейхан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Төлеген Тәжібаевтар…кете береді.
 
Қалайша Алаш арыстарын алаңдатқан, нағыз оқымысты ер азаматтарымыздың негізгі басымдығы болған ұстаздық қызмет бүгінде жігіттер үшін қызықсыздау бағытқа айналып кетті?
 
Ұрпақ білімі мен тәрбиесінен маңызды не болуы мүмкін?
Адамзат білімге ұмтылғалы білім мен тәрбие бастауында ер азаматтар келеді. Бұл үрдіс неліктен трендтен түсіп қалды?
 
Меніңше білім беру мекемелеріндегі педагог мамандар арасында ер азаматтар үлесінің 17-18% күйде қалуы білім мен тәрбие ісіне қиянат деп ойлаймын.
 
Ұрпақ тәрбиесіне ерлерді көбірек тарту керек.
“Педагог мәртебесі” бар, айлықтары да ақырындап көтеріліп келеді.
Ерлердің саладан неліктен алыстап кеткендігін тағы бір зерделеп, қызығушылық тудыратындай жағдай жасалғаны келешек ұрпақ үшін маңызды қадам болар-ақ еді…" деп жазды Ербол Сәбитов. 
Барлық жаңалықтар