Қырғызстанда бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деп танылған, бұқаралық ақпарат құралдарында «бішкектік маньяк» аталып кеткен Құмарбек Абдыров тергеу абақтысында көз жұмды деп жазады Democrat.kz.
Бұл ақпаратты Қырғызстанның қылмыстық-атқару қызметі растады. Ведомство мәліметінше, оқиға 7 ақпан күні тіркелген.
Еске салсақ, былтыр Жел-Арық ауылы маңында жоғалып кеткен 17 жастағы М. Айсулуудың мәйіті табылған еді. Тергеу барысында қыздың қылмыс құрбаны болғаны анықталып, көп ұзамай бұл іске күдікті ретінде Абдыров ұсталды.
Тергеу кезінде ол Айсулуудың өліміне және өзге де бірқатар қылмыстарға қатысы барын мойындаған. Осыдан кейін жергілікті БАҚ оны «бішкектік маньяк» деп атай бастады.
Тергеу деректеріне сәйкес, Абдыров бұған дейін де бірнеше ауыр қылмыс жасаған. 2011ж. Орок ауылында жүкті әйелдің өліміне қатысты іс тіркелген. 2014ж. Бішкекте 19 жастағы Камила Дүйшебаеваның жоғалуы мен өлімі, сондай-ақ көп ұзамай тағы бір жас әйелдің қаза табуы осы адаммен байланыстырылған. 2015ж. тағы бір қылмыс жасамақ болғанымен, жәбірленуші тірі қалған.
2016ж. Құмарбек Абдыров сотталып, бастапқыда 12 жылға бас бостандығынан айырылған, кейін жаза мерзімі 7 жылға қысқартылған. Ал Айсулуудың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі әлі шықпаған.