Израильдің қарулы күштері – ЦАХАЛ Сирия астанасын бомбалап жатыр. Израиль өзіне жау санаған Башар Асад режимі құлады, жаңа билікті Трамп мақтады. Онда неге Израиль Сирияға шүйлікті? Ресми себебі – Әл-Жулани билігі Сириядағы алавиттер мен друздарға жауыздық қылып отыр. Ал нақты себебін білу үшін тарихқа шегініс жасау керек.
Сирия орналасқан жерімен байланысты қарсылық Осі дейтін Иран бастаған Палестина, Сирия, Ливан кіретін Израиль мен Батыс елдеріне қарсы бейресми әскери Одақ үшін аса маңызды ел болды.
Сирия Иран мен Иракты Ливанмен, Палестинамен байланыстырып отыр.Түрлі қарулы топтарды қару-жарақ, басқасымен қамтамасыз ететін күрежол да осы елді басып өтеді. Сирия палестиндіктерді, Хезболланы және Иранды қолдағандықтан Израиль, Түркия және бірқатар араб әмірліктерінің жауына айналды.
1967 жылы Израиль Сирияның Голан жотасын басып алғаны белгілі. Голанды алу арқылы су ресурстарына, ыңғайлы стратегиялық маңызды жолдарға бақылау орнатты. Израиль енді осы буфер аймақты Ливанның оңтүстігінен Иракқа дейін созылып жататын қауіпсіздік белдеуіне айналдырғысы келеді. Сол арқылы Тегеран мен Бейрутты жалғап жатқан құрлық байланысын үзуді көздейді.
Қазір Израиль билігінде отырған ультра консерваторлар «Ұлы Израиль» жобасын іске асыруды жеделдете бастады. Оның басты стратегиялық мақсаты – Сирияны көрші Иордания мен Ирактан бөліп тастауды көздейтін «Дәуіт дәлізін» ашу.
Асад режимі құлаған соң Израиль Сирияның бірнеше провинциясының жеріне басып кірді, Сирияның оңтүстігінен солтүстігіне созылып жатқан осы жерлерден «Дәуіт дәлізі» ашылуы керек. Одан әрі америкалықтардың әскери базасы орналасқан Хомс провинциясына, одан әрі Сириядағы Күрдістанға жетуі керек.
Израиль араб елдерімен соғыста әрқашан күрдтерді қолдап келді. Жалпы әлемде мемлекеті жоқ ең ірі ұлт – күрдтердің тарихи жерлері қазір Сирия, Иран, Ирак және Түркияның аумағында жатыр. Осы территориялардың негізінде “Ұлы Күрдістан” мемлекетін құру туралы ойлар арагідік Батыс басылымдарында да шығып қалады. Жоғарыда аталған төрт елдің екеуі де-факто мемлекет ретінде тәуелсіздігінен айырылды.
Иран кезекті соғысқа дайындалып жатыр. Түркияның өзі территориялық тұтастығына алаңдайды.
Сириядағы күрдтердің бақылауындағы жерлерде мұнайдың барланғаны-барланбағаны бар мол қоры жатыр. «Дәуіт дәлізін» соларға дейін созса, Израиль сол жақтан құрылық арқылы мұнай құбырын тартып отыра береді.
Осылай қазіргі жалғыз жол – Қызыл теңізді жауып отырған хуситтердің бопсасынан құтылады және Түркия арқылы Әзірбайжаннан келетін Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына тәуелді болмайды. Екі жеп биге шығады.
Ұлы Израиль идеясы тек алып еврей мемлекетін құруды көздеп қана қоймайды. Ол Таяу Шығыстағы арап мемлекеттерін бөлшектеу арқылы аймақтың картасын қайта жасауды мақсат етеді. Бұл идеяның авторларының бірі – Теодор Герцльдің «Еврей мемлекетінің аумағы Нілден Евфратқа дейін созылып жатыр» деген сөзінен Израиль Мысыр, Сирия, Ирак, Ливия, Иорданияның жеріне көз тігіп отырғанын байқауға болады.
2024 жылы ЦАХАЛ шабуылынан қаза тапқан «Хезболланың» көсемі Хасан Насралланың Сирия құласа, бүкіл Таяу Шығыс апатқа ұшырайтыны туралы мәлімдеуінің және «Хезболланың» Асадқа көмектескенінің себебі де осы. Башар Асадтың режимі Израильдің осы жоспарына кедергі болды. Иранның да Башар Асадқа көмектесуінің себебі осы. Бірақ Башар Асадтың басты жауы – өзі құрған тоталитарлық режим болды. Жаппай жемқорлық елді, армияны әлсіретті, заңсыздықтар мен әділетсіздік өз азаматтарын билігіне қарсы қойды.
Израильдің үлкен себепсіз кенеттен Иранмен 12 күн соғысқанының түп себебі енді айқындалып келеді. Сирияға шабуыл жасардың алдында Израильге аймақтағы басты жауы – Иранның әскери әлеуетін әлсіретіп алу керек болды.
Сирия астанасын бомбалау Израиль әскерінің құрылықтағы үлкен операциясының басы ғана деп топшалауға болады. Израильдің бұл жоспарын Батыс, оның ішінде АҚШ қолдайды. Себебі, 2 жыл бұрын америкалықтар Қытайдың Батыс Қытай-Батыс Еуропа дейтін жаңа «Ұлы Жібек жолы» жобасына қарсы Үндістан-Таяу Шығыс-Батыс Еуропа (IMEС) атты көлік дәлізін құру жоспарын жариялаған.
Бұл көлік жолының Таяу Шығыстағы басты түйіні – Израиль қалалары болуы тиіс. Бұл дәліз қауіпсіз болуы үшін бірінші кезекте Таяу Шығыстағы еврей мен арап қақтығыстарын біржақты қылу керек. Бұл соғыста кім жеңсе, соның дегені болады. Батыс бұл жерде Израильдің бәсі басым деп санайды.