«Біз енді бала емеспіз»: Төреғали мен Жан Мұқанов – үлкендердің ойынына кірісті

«Біз енді бала емеспіз»: Төреғали мен Жан Мұқанов – үлкендердің ойынына кірісті

Бір кездері тыңдарманын дүр сілкіндірген, алайда соңғы жылдары халықтан алыстап кеткен әнші Төреғали Төреәлі қайта оралды. Бұл жолғы оралу — жай ғана сахнаға шығу емес. Бұрынғыдай емес, осы жолы оның жанында — сенімді серіктес, продюсер Жан Мұқанов тұр. Екеуі алғаш рет ресми келісімшартқа отырып, өнердегі серіктестігін жария етті.

 «Бүгін біз алғаш рет ресми келісімшартқа қол қойдық. Қатаң. Ақиқатты. Жауапкершілігі бар. Өйткені біз енді бала емеспіз», — деп жазды Жан Мұқанов.

Бұл сөздер әшейін пафос үшін айтылғандай көрінгенмен, шын мәнінде олар бір дәуірдің аяқталып, жаңасының басталғанының белгісі.

Рас, соңғы жылдары Төреғали сахнадан біртіндеп алыстай бастады. Бір жағынан, қоғам тарапынан айтылған сыни пікірлер, екінші жағынан, өзінің де ішкі тоқырауы әсер етсе керек. Көпшілік оны сахнадан біржола кетті деп ойлаған. 

Жан Мұқановты медиа саласынан білетіндер көп. Ол журналистикада, телевизияда, мәдени жобаларда өзін көрсете алған кәсіби маман. Алайда бұл жолы ол продюсер ретінде Төреғалидың болашағына серіктес болуды таңдап отыр.

Ең қызығы  продюсердің жазбасында "Әр адамға екінші мүмкіндік берілуі керек" деген тұжырым бар. Тек Төреғалиға ғана емес, қоғамның кешірім мәдениетіне бағытталған үндеу. Қазақы менталитет – кешірімге, кеңдікке негізделген. Бірақ соңғы жылдары қоғамда біреуді кінәлауға, "жоюға" бейім мінез көбейіп кетті. 

Не болса да, Төреғали мен Жан Мұқанов арасындағы келісім жай ғана өнер одағы емес, қайта сенім мен ниет, түзелу мен даму, тәрбие мен тәртіп арасындағы келісім сынды.

Егер бұл одақ сәтті жалғасса, ол тек Төреғалидың ғана емес, бүкіл қазақ шоу-бизнесінің жаңа мәдениеті мен жаңа деңгейге көтерілуіне себепкер  болмақ.

 

Democrat.kz.

Барлық жаңалықтар