Танымал журналист Гүлбану Әниятқызы оқырманға ой салатын жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Ата-ана, ата-ененің көңіліне қарап енді баладан травма алған буын біз бе деймін.
Кішкентай күнімізде заман қиын болды, жоқшылық қысты, әке-шешеміз жейтін тамағымыз бен бір киер киімімізді тауып берсе қуанатын ек.
Ал енді біздің пікірмен санаспақ түгілі, адам көрмейтін еді ғой. Сәл қарсы бірдеңе айтсаң, жаныңды шығаратын.
Әпергенін киіп, айтқандарымен жүрдік. Біз Нарынқолда картоп пен еттен өзге түк көрмей өстік. Алматыдан әкелген алма бітіп қалса, сумкасын иіскееп отыратын ем.
Мектепте де сол. Өз пікіріңді айтпақ түгілі, мұғалімнің бетіне тіке қарай алмадық.
Әйтеуір өйтіп-бүйтіп оқуға түсіп, адам болып келе жатқанда күйеуге тиіп кеттік. Қазіргідей емес біздің енелер келінге қатал қарады. “Барған жеріңе балдай батып, судай сің”, “қайтып келген қыз жаман” дегенді естіп өскен қыздар бәріне көнуге, ата-ененің көңілінен шығуға барын салды.
Енді ғана өз қолы аузына жетіп, жан-жаққа қарай бастағанда бала өсіп, қазір травманы осы балалардан ала бастадық.
Осы күні ұлың мен қызыңа бірдеңе деші “шекарасын” айтып, басынан сөз асырмайды. Өмір сүріп жүргендерінің өзі бір міндет.
Біз әперген киімді кимейді, өздері таңдайтыны бер жағы, шетелге апарсаң да ештеңені менсінбейді. Бұларды ештеңемен таңғалдыра алмайсың. Көңіліне қарап күнімізді көріп жүрміз, қысқасы.
Сәл шыдасаңыздар оған келін мен күйеу бала қосылатын секілді.
Қорыта айтсам, біз ең көп травма алған, ең лох буын сияқтымыз" деп жазды журналист.