Қазақстандық келіншектер анасынан ажырамаған күйеулерінің, баласының есеюіне мүмкіндік бермейтін енелерінің бейәдеп әрекеттерін “Мамсик форум” парақшасында ашық жаза бастады. Сөздерінше, кей енелер әлі күнге дейін ұлдарының қаражатты қайда жұмсайтынын қадағалайды, бірі ұлының көзінше ішкиіммен жүреді. Stan.kz тілшісі “Мамсик форум” парақшасын жүргізетін коуч Роза Әшірбаевамен тілдесіп, аталмыш форумда келіншектер талқылайтын проблеманы, “мамасының баласына” тұрмысқа шыққан қыздар не істеу керегін сұрап білді.
Қазақстандық әйелдер күйеуі мен оның анасы арасындағы жаға ұстарлық қарым-қатынастарын баяндап берді.
“40 жастағы күйеуім анасынан сұранады”
“Күйеуімнің жалғыз демалысы бар, сол демалысты анасы ұлымен жеке өткізгісі келеді. Жұбайым екеуміз ересек болсақ та, бір жерге шығарда анасынан сұранып шығуымыз керек. Сол үшін бір жерге барсақ, тығылып барамыз. Отбасыдағы барлық шешімді қабылдағысы келеді. Түнде есігімізді ашып қояды. Сол үшін кейде қонақүй жалдауға мәжбүрміз, себебі басқаша қосыла алмаймыз. Күйеуім анасының көзінше маған жақындамайды. Мамасы ұлын өзі тамақтандырғысы келеді”, – деп жазды келіншек.
“Күйеуімнің көзінше жалаңаш жүреді”
“Ақыл тоқтатқан шағымда 31 жастағы үйдің кенжесіне тұрмысқа шықтым. Енем кенжесін қатты жақсы көреді, екеуі жеке сырласатын. Енем күйеуім екеуміздің арамызға түсіп, мені жаман етіп көрсеткісі келді. Жұбайым жұмыстан келетін кезде өтірік ауырып қалады немесе үй жинап кетеді. Ол күйеуім “неге анама істетесің?” деп маған ұрысады. Енем бетіме ештеңе айтпайды, бірақ күйеуіме менің үстімнен шағымданады екен. Бір күні енем суға түсуге кіріп кетті де, жуынатын бөлмеден жалаңаш шықты. Күйеуім екеуміз шай ішіп отырдық. Киінуін өтінгенде, “не болыпты, сол жерден шықтың” дейді. Күйеуімді бөлмесіне шақырып ала береді”, – деді тағы бір әйел.
“Анасы екеуі жұп сияқты, күніне 7-8 рет сөйлеседі”
“Тұрмысқа шықпай тұрып, оны “мамасының баласы” деп ойламаппын. Себебі бұған дейін бөлек тұратын. Үйленген соң “қайдасың?”, “қашан келесің?” деп іздейтін болды. Бұған дейін бәрін өзі шешетін жігіт енді анасының сөзінен шықпайтын болды. Кейін бөлек шықтық. Содан кейін екеуі күніне 10-15 рет сөйлеседі. Күйеуіме күніге “анаңды сағынған шығарсың, үйге келіп кет, бірге тамақ ішейік” деп жазады. Сөйтсем күйеуім жұмыстан шыққан соң, анасына барып, 2-3 сағат сол жерден тамақ ішіп барып үйге келеді екен. Ал мен баламен оны күтіп отырамын. Ұлым өскен соң, үшеуі бірге қыдыратын болды. Ұлымды өз атына жаздырып алып, анасы дегенге өз атын қойғысы келді, бірақ келіспедім. Екеуі 15-20 минут видеоқоңыраумен сөйлеседі. Үйдегі барлық әңгіме, менің сырларымды анасына жеткізеді екен. Екеуінің ренжіскендері де жұп сияқты – жылау, шу шығару, манипуляция, талып қалу. Менен қызғанады. Күйеуім мені жақтаған кезде 3-қабаттан секірмек болып қорқытқан”, – деді қазақстандық келіншек.
“Менімен жарысып, үйлену тойымызға ақ көйлек киіп келді”
“Күйеуіме менің орныма басқа әйел тапсын деп басқа қыздардың фотосын жіберетін. Тойға дайындық кезінде үйлену тойында тек қалыңдық ақ көйлек киюі керек деп айттым. Бірақ ерегесіп, ол да ақ көйлек киді. Онымен қоса қонақтарды да ақ киіп келуге көндірген. Ата-анам бал айына шетелге саяхат сыйлады. Енем ұлына ренжіп, оны да алып кетуін талап етті. Қонаққа келген кезде күйеуімнің көзінше ішкиіммен жүреді”, – деді әйел.
Роза Әшірбаева осындай тектес хаттар жиі келетінін айтады. 2 тамызда ашылған “Мамсик форум” парақшасына қазір 60 мыңдай оқырман жазылып үлгерген.
“Өз парақшамда оқырмандарыммен әңгіме-дүкен құрып отқам. Қыз-келіншектер “мамасының баласы” яғни анасымен сепарация өтпеген ер адаммен қарым-қатынастары туралы жазды. Олар "бөлісіңізші, басқа қыздар да білсін" деп өтінді.
Бір хикаяны шығарғанымда бірнеше хат келе бастады. “Жеке өмір жоқ, енем отбасымызға араласады” деп мұңын шаға бастады. Бұл проблеманы көтеріп жүрдім, кері байланыс көп боп кетті. Бір күні өте көп хат-хабар келгендіктен “не істеймін, бөлек парақша ашайын ба?” деп әзілдеп айттым. Барлығы қолдай кетті, бір күнде 3-4 мың оқырман тіркелді. Бір айда 70 миллион оқылым болды. Мыңнан астам хикая жарияланды, әлі де шықпағандары қаншама”, – деді ол.