Испаниялық жұп ChatGPT-дің қателігінен Кариб аралдарындағы алдын ала төленген демалысына бара алмай қалды, деп мәлімдейді Democrat.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы блогер Мери Калдасс өзінің TikTok парақшасында айтып берді.
Қыздың айтуынша, ол жігітімен Пуэрто-Рикоға саяхат жоспарлап, көмек сұрап ChatGPT-ге жүгінген. Туристер жасанды интеллекттен испаниялықтарға осы елге бару үшін виза қажет пе деп сұраған. Ал жасанды интеллект саяхатшыларға виза шектеуі жоқ деп жауап берген.
ChatGPT-ге сенген Калдасс пен жігіті билет алып, қонақ үй брондап, белгіленген күні әуежайға келген. Әуежайда ғана Пуэрто-Рикоға кіру үшін арнайы құжат қажет екенін білген. Алайда бұл виза емес, электронды рұқсат – ETA болып шықты. Осылайша, жұп рейске отыра алмаған.
Блогердің ChatGPT-ге шағымданған видеосына пікір қалдырған желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Кейбіреулер жұптың осындай маңызды мәселені ChatGPT-ге сеніп тапсырғанына күлсе, ал басқалары олардың жасанды интеллектке сұрақты дұрыс қоймағанын, сол себепті толық ақпарат ала алмағандарын айтады.
