"Бойкот!": Қазақ-қырғыз арасындағы дау тым ушығып барады

"Бойкот!": Қазақ-қырғыз арасындағы дау тым ушығып барады

Көшпенділер ойындарындағы Қазақстан–Қырғызстан бәсекесінен кейін әлеуметтік желідегі тартыс спорт шеңберінен шығып кетті. Қазақстан туына қатысты даулы кадрлар мен екі ел азаматтарының өзара ауыр сөздерінен кейін енді қазақстандық қолданушылар қырғызстандық Kulikov кондитерлік желісіне бойкот жариялауға шақырып жатыр. Бұған қырғыз қолданушылары да жауап беріп, «онда Қазақстан тауарларына біз де бойкот жасаймыз» деген жазбалар тарата бастады, деп жазады Democrat.kz.

Даудың басталуына VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көк бөрү финалы түрткі болды. 6 қыркүйекте Қырғызстан құрамасы Қазақстанды 12:0 есебімен жеңді. Сол күні көкпар финалында да Қырғызстан 7:2 есебімен басым түсті.

Ойын аяқталғаннан кейін әлеуметтік желіде жеңісті мазаққа айналдырған фотомонтаждар, Қазақстан туына қатысты құрметсіз кадрлар және екі жақтан да ұлттық намысқа тиетін пікірлер тарады.

Осы даудың жалғасында Threads қолданушыларының бірі:

«Kulikov-қа бойкот. Қырғыздардың тауарын алмаймыз!»

деген мазмұнда үндеу жариялаған.

Жазбаға Kulikov тортындағы Қырғызстан туы мен «Байкот» деген бейне, сондай-ақ бренд дүкеніне тыйым белгісі қойылған фотомонтаж тіркелген.

Қырғыздар да жауап берді

Бойкот үндеуінен кейін пікірталас бірден қызған.

Қырғызстандық қолданушылардың бірі:

«Қазақстанда қандай қазақ бренді бар? Біз де жауап ретінде бойкот жасайық», – деп жазған.

Тағы бір пікірде Kulikov қырғыз нарығымен ғана шектелмейтін ірі бренд екені айтылып, бір елдегі тұтынушылардың бойкоты компанияны құлата алмайтыны жазылған.

Басқа қолданушылар Қазақстанға Қырғызстаннан сүт өнімдері, азық-түлік пен су жеткізілетінін алға тартып, қарсы бойкот туралы сөз қозғаған.

Қазақстандық тарапта да «жұмыс орындары ше, Қазақстанда төленетін салық ше?» деген сұрақ қойып, бойкотқа қарсы пікір білдіргендер бар.

Kulikov Қазақстанда шағын бренд емес

Kulikov – Қырғызстанда 1991 жылы құрылған кондитерлік компания.

Компанияның ресми сайтындағы қазіргі мәлімет бойынша, оның Қазақстанда 53, Қырғызстанда 37, Ресейде 36 дүкені бар. Қазақстан нарығында бренд 2013 жылдан бері жұмыс істейді.

Қазақстандағы нүктелері Алматыдан бөлек Шымкент, Тараз, Түркістан, Ақтөбе, Орал, Семей, Өскемен және басқа қалаларда орналасқан.

2025 жылы компания Алматыда ірі өндіріс орнын салу жоспарын да жариялаған. Алайда 2026 жылғы маусымда Kulikov өндірісін Қырғызстаннан Қазақстанға толық көшірмек деген ақпаратты жоққа шығарып, Қырғызстан негізгі нарық болып қала беретінін мәлімдеген.

Ең қызығы – жеті ай бұрын жағдай керісінше еді

Kulikov бренді биыл екінші рет ұлттық сипаттағы әлеуметтік желі дауының ортасына түсіп отыр.

2026 жылғы қаңтарда Қырғызстанда белсенді Айтілек Орозбеков пен Kulikov қызметкерлерінің мемлекеттік тілге қатысты жанжалы үлкен резонанс тудырды.

Сол кезде, керісінше, қырғызстандықтар Kulikov-қа бойкот жариялаған, ал кейбір қазақстандық қолданушылар қырғыз белсендісін қолдап:

«Қазақтар қырғыз бауырларын қолдайды»

деген пікірлер қалдырған. Кейін компания мен Орозбеков татуласып, Kulikov өз шағымын қайтарып алды.

Арада жеті-сегіз ай өткенде көрініс керісінше қайталанып отыр: бұл жолы қазақстандықтардың бір бөлігі дәл сол қырғыз брендіне бойкот жариялауға шақыруда.

Kulikov-тың көк бөрү дауына қатысы бар ма?

Қазіргі ашық деректерде Kulikov компаниясының Көшпенділер ойындарындағы Қазақстан туына қатысты дауға, 12:0 есебінен кейінгі арандатушы жазбаларға немесе қазақ-қырғыз арасындағы әлеуметтік желі жанжалына қандай да бір қатысы бары туралы мәлімет жоқ.

Бренд бойкот нысанасына оның қырғызстандық компания болғаны үшін алынғаны байқалады.

Сондықтан қазір әлеуметтік желідегі тартыс бір спорттық нәтижеден әлдеқайда алысқа кеткен: алдымен ұлттық рәміздер, кейін тарихи тұлғалар, енді азық-түлік пен бизнес брендтері пікірталастың нысанасына айналды.

Ал 12:0 есебімен басталған даудың қай жерге дейін баратыны әзірге белгісіз.

Барлық жаңалықтар