Бүгін Абай облысында "Жеті қазына" ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі басталады

Бүгін Абай облысында "Жеті қазына" ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі басталады

Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден аса ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілген.  Мерейтойға арналған шаралар облыс аумағының әр ауданында өтеді, деп хабарлайды Democrat.kz  inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

– 7-9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында "Абай жолы" энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың "Абай Құнанбайұлы кім?" кітабының тұсаукесері өтеді. 8 тамызда Семейде "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында "Жеті қазына" ұлттық байқауының ашылуы өтсе,  9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, "Жидебай-Бөрілі" музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Ал кешкісін орталық алаңда "Абайға тарту" концерті өтеді, – деді Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов.

Мерейтойға орай аудан орталығында өтетін ауқымды іс-шаралар кезінде тұрғындар мен қонақтарды тасымалдауға арналған автобустар өз жұмысын бастады.

"Автобустар арнайы белгіленген аялдамалардан қозғалып, мерекелік орындарға ең жақын нүктелерге дейін жеткізеді. Бұл – сіздердің жайлылықтарыңыз бен қауіпсіз қозғалыстарыңыз үшін ұйымдастырылып отыр. Сіздерден қозғалыс бағытына сай автобустарды пайдаланып, көлік кептелісін болдырмауға атсалысуларыңызды сұраймыз", – деп хабарлады Абай облысының әкімдігі.

Барлық жаңалықтар