Бүйрегін қосып тігіп жіберген: Ұлытаудағы медицинаның қазіргі жайы

Бүйрегін қосып тігіп жіберген: Ұлытаудағы медицинаның қазіргі жайы

Мен Жаңаарқа жақтың қазағымын. Қазір Ұлытау облысына қараймыз ғой. Қарағандыға қарап тұрған кезінде жазған ескертпелерімізді кішкене болса да ескеретін. Қазір, "итсің-ау, күшіксің-ау" деп те қарамайды. Жә, айтпағым ол емес.

Біздің ауданда дәрігерлерге қатысты дау жылына 1-2 рет боп тұрады. Себебі, қарапайым соқыршекке де ота жасай алмай жасөспірім баланы өлтіріп алған, кесерова жасап болған соң адамның бүйрегін қоса тігіп жіберген (өзімнің туған анамның оқиғасы) деген сынды оқиғалар жиі боп тұрады. Соңғысы, осы көктемнің соңында болды-ау деймін. Ота жасап жатқан кезде отадағы адам оянып кетіп, қайта ұйықтатқаннан оянбай қалған... Бұның барлығы, кәрі-құртаң хирургтардың кесірі. Баяғыда, Мәстура деген хирург "Мұхамедияның қатынын менен басқа ешкім босандырмасын"деген ауызша бұйрық беріп шешемді мүгедек қылған. Сондағы ойы "Қырыққа келгенде көрген қызығына Мұхамедиа бір тай берер" деген пендешілік. Сол кезде алпыстан асқан шағы. Қазір сексеннен асты-ау шамасы. Әйтеуір, зейнетке кеш кеткен адамның бірі-тін. Бұлардың отасынан соң анамызды Қарағандыға әкеліп екінші ота жасатқанбыз. Сөйтіп, тігіліп кеткен сау бүйрегі алынып, аурушаң бүйрекпен қалды. Бірақ, анамыздың жаны аман қалғанымен ота жасағанда іште медициналық ине қалдырып кеткендері де бар. Жүр сол инемен... Қайта ота жасатуға қорқады... Ол кезде әскерден енді келген жас жігітпіз. Соттасайық дегенімізде әжем марқұм қойғызған... Жә, сонымен қазір Жаңаарқада дәрігерге дефицит ресми түрде жарияланды. Бір жыл ішінде 40 шақты дәрігер зейнетке кетуі тиіс екен. Осының бәрін өз уақытында, 3-4 адамнан жіберіп отырғанда жұрт алдында масқара болмас ек. Бұл сол жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың нәтижесі. Дегенмен, "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" дегенге де салынуға болмайды. Жасы келген, қолы дірілдеп, көзі көрмейтін мамандарды зейнетке жіберу керек. Тәжірибелі терапевт, инфекционист деген секілді мамандарды науқас қабылдауға, кеңес беруге алып қалуға болады. Себебі, қандай істе болса да тәжірибенің аты тәжірибе. Жастарға бағыт беретін 1-2 үлкен маманның жүргені жөн. Егер де, нақты пайдасы тиетіні көзге көрініп тұрса, Жаңаарқа жұртшылығы мойындап тұрса, ондай маманнан айрылмау керек. Түрлі бағдарламамен Жаңаарқаға кеп дәрігер болған жастар болды. Жарық сөніп қалған кезде смартфон фонаригімен ота жасап шыққан дәрігер де болды. Бір емес, екі рет жасаған солай. Қазір ол адамдар тірі. Керек болса оқиғасын айтып та берер. Тек, Жаңаарқаның жемқорлары мен ауруханадағы бассыздыққа шыдамай кетіп қалып жатқандары өкінішті. Көбіне сол қарт дәрігерлер көре алмаушылықпен мүйіздейтін... Айсұлтан ЖАҚЫПОВ, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар