"Бұл - мұғалімдерді қорлау, кемсіту" деген белсенді ұстаз үндеу жасады

"Бұл - мұғалімдерді қорлау, кемсіту" деген белсенді ұстаз үндеу жасады
Белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі білім саласындағы нормативтік қайшылықтар мен кәсіби тілдің құнсыздануы туралы айтып, заңдар мен бұйрықтардағы қайшылықтарға талдау жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Білім беру саласында соңғы жылдары орын алып отырған жағдай кәсіби қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырмай қоймайды.
 
Мәселе қабылданып жатқан заңдар мен бұйрықтардың көптігінде емес, “олардың өзара сәйкессіздігі мен қисынсыздығында”.
 
Бір нормативтік құжаттың негізгі мәтіні мен қосымшасының бір-біріне қарама-қайшы келуі педагогты құқықтық тұрғыдан тығырыққа тіреуде. Мұндай жағдайда мұғалімнен заңды сақтау талап етіледі, бірақ сол заңның өзі нақты, бірізді емес. Бұл – басқарушылық олқылықтың айқын көрінісі.
Сонымен қатар, мазмұны мен нәтижесі түсініксіз, білім сапасына әсер етпейтін есептердің заң талаптарына сәйкес еместігі бірнеше мәрте айтылды. Алайда формализмнен бас тартудың орнына, ол педагогтың негізгі жұмысын көлеңкеде қалдырып отыр.
 
Ерекше алаңдататын жайт – бұрын Оқу ағарту министрі тоқтатқан “мақсатты мектеп жобасы”бойынша курстан өткен педагогтерге қатысты енгізіліп отырған «сүйемелдеу» іс-шаралары?!
 
Бұл термин кәсіби ортада орынсыз әрі қорлайтын сипатқа ие.
Педагог – сүйемелдеуді қажет ететін әлсіз буын емес. Ол – кәсіби шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі бар маман.
 
«Сүйемелдеу» – өз бетінше әрекет ете алмайтын, қосымша күтім мен жетектеуді қажет ететін адамдарға қатысты қолданылатын ұғым.
 
«Сүйемелдеу» сияқты терминдерді қолдану- мұғалімнің мәртебесін төмендетіп қана қоймай, салаға деген сенімсіздікті институционалдық деңгейде бекітіп береді.
Жобаны тоқтату – басқарушы органдардың шешімі. Ал оның салдарын педагогты «сүйемелдеу» арқылы өтеу – жауапкершілікті орындаушыға ысыру. Бұл кәсіби дамуға емес, тәуелділікке бастайтын қауіпті үрдіс.Білім беру жүйесін дамыту мұғалімді бақылау, жетектеу және түзету арқылы емес, “оның кәсіби қадірін мойындау арқылы”жүзеге асады. Педагогты үнемі «жетіспейтін субъект» ретінде көрсету – саланы өз қолымызбен әлсірету.
 
Осыған байланысты біз:
нормативтік-құқықтық актілердің ішкі үйлесімін қамтамасыз етуді,
заңға қайшы және формалды талаптарды жоюды,
педагог мәртебесіне сай келмейтін терминология мен тәжірибеден бас тартуды қажет деп санаймыз.
 
Білім сапасы қағаздағы есеппен емес, “еркін әрі жауапты мұғаліммен қалыптасады”.
Білім сапасы- қағазбастылықпен де, жасанды жобалармен де емес, кәсіби қадірі сақталған мұғаліммен өлшенеді", дейді Сәния Нүсіпәлі. 
Барлық жаңалықтар