"Бұл не масқара!?" деді Асхат Аймағамбетов, ал мектеп әкімшілігі алғыс айтты

"Бұл не масқара!?" деді Асхат Аймағамбетов, ал мектеп әкімшілігі алғыс айтты

Желіде ата-аналар Алматыдағы мектептердің бірінде күзгі салқында оқушылардың флешмоб үшін далада ақ жейдемен ұзақ уақыт тұрғанына шағымданды. Айтуларынша ұстаздардың өзі сырт киімде жүріп, ал жеңіл киімдегі оқушыларды блогер мен оператор келгенше күттіріп қойған. Ал депутат Асхат Аймағамбетов балаларды ата-ананың рұқсатынсыз түсіру заңсыз екенін айтты деп жазады Democrat.kz. сайты  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

 

Желі қолданушысының айтуынша оқиға 117-мектептеболған.

“Оқушыларды видеоға сағат 13:00-де түсіре бастауы керек болған. Бірақ балалар 13:50-ге дейін, яғни 50 минут бойы мобилограф пен блогердің келуін күткен. Осы уақытта балалар сыртта, ауа температурасы +14°C болып тұрғанда күртесіз, тек жейде киіп тұрған. Ал мектеп әкімшілігі сол уақытта өздері күрте, тіпті кейбірі тон киіп алған. Балаларды суықта бір сағатқа жуық уақыт бейнежазба үшін тұрғызып қою дұрыс па? Ұйымдастырушылар қайда қарап отыр? Бұл енді баланы қорлау сияқты”, – деп жазды ол. 

Өзге ата-аналар да мектептің бұл әрекетін сынға алды.

"Қазір мектептер әлеуметтік желіде парақша жүргізуді сәнге айналдырды. Балаларды түсіріп, фото-видеоларын жүктейді. Меніңше, мектептерге ондайды жасауға тыйым салу керек", "Менің терезем тура мектеп ауласына қарап тұр. Балалардың жеңіл киіммен жел өтінде тұрғанын көріп, өзім де жағамды ұстадым” , “Тағы сәл ғана шыдаңдар“ деген сөзді кемі 10 рет естідім. 2025 жылы бұл флешмоб кімге керек?!", "Директорды жазалау керек. Балалар мал емес қой!", – дейді желі қолданушысы. 

Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы №117 жалпы білім беретін мектеп әкімшілігінен пікір сұрап көрді.

“Мектеп өміріне бейжай қарамай, назар аударғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Аталған іс-шара мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай өткізілгенін хабарлаймыз. Флешмобты түсіру уақыты 15 минуттан аспады. Іс-шара өткізілген сәтте ауа температурасы +16 °C шамасында болды. Бұл ашық ауада қысқа мерзімді іс-шара өткізуге арналған санитарлық талаптарға сай келеді. Мектеп әкімшілігі қолдау мен сенім білдіргендерге алғыс айта отырып, алдағы уақытта мұндай іс-шараларды ұйымдастыруда барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескеретінін хабарлайды”, – деді мектеп әкімшілігі.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге мәжбүрлеп видео түсіртіп, оны әлеуметтік желіге жүктетуге қарсы екенін айтты. Оның сөзінше, ұстаздар контентті тек өз еркімен ғана жасауы тиіс.

"Мұғалімді reels (Instagram видеосы) түсіруге ешкім мәжбүрлемеуі керек. Егер ол блогер болса – жарайды, өзі қаласа түсіре берсін. Бірақ қазіргі жағдай дұрыс емес. Әрбір тәрбие сағатына reels жасау міндеттеледі. Видео мен фото болмаса, ештеңе жасалмаған сияқты көрінеді. Бұл не масқара?" – деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, ата-ананың рұқсатынсыз баланы түсіріп, интернетке жариялау заңсыз. Осы себепті ол өз баласын мектепте фотоға түсіруге тыйым салған.

"Бұл – бала бейнесіне деген құқық. Мен, мысалы, мектепке: 'Баламды түсірмеңдер' деп айттым. Басқа ата-аналарға да кеңес беремін. Рұқсатсыз түсіруге болмайды деп айту керек. Қазір жасанды интеллект, дипфейк заманы. Деректер өте құнды. Сондықтан қауіп бар", – деді депутат.

Барлық жаңалықтар