"Бұл- Оқу ағарту министрлігінің жаңалығы емес, жаңа былығы" дейді белсенді педагог

"Бұл- Оқу ағарту министрлігінің жаңалығы емес, жаңа былығы" дейді белсенді педагог
Белсенді ұстаз, білікті мұғалім Серік Марксұлы Оқу ағарту министрлігі өкілдерінің кешегі баспасөз брифингінде мәлімдеген жаңалықтарына қатысты "жаңалық емес, жаңа былық" деп, өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz. 
 
Серік Марксұлы өз пікірінде: "Педагог-шебер аттестаттаудан өтуі үшін, 8 сағат сабақ беруі керек екен. Соның біреуі республикалық деңгейде болуы шарт.
 
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың сөзінен ұққаным, негізі, мұғалім педагог-шебер санатын алу үшін 25 ашық сабақ беру керек болған екен. Енді соны 8 сағатқа түсінгендерін бейне бір үлкен жеңілдік жасағандай айтып отыр.
 
"Айтарға сөзім жоқ", -деген бар ғой. Жоғарыдағы жаңа былықты естіп, тура сондай күй кешіп отырмын. 25 сағат тұрмақ, 8 ашық сабақтың өзі де көп қой. Педагог-шебер үшін 4 ашық сабақтың өзі де аз демес едім.Бұлары шындығына келгенде, мұғалімнің санатынан ақша үнемдеудің амалына ұқсайды. Егер ақша үнемдеу керек болса, басқа жерден де реті шығады. Мысалы, Оқу-ағарту министрі 5-7-сыныптарға "Конституция негіздері" және 8-9-сыныптарға "Заң мен тәртіп" деген жаңа сабақтардың қосылатынын айтты.
 
Енді біздің оқушылар әлемнің дамыған елдерінің оқушыларынан 2 есе көп сабақ оқиды. Министрлік керсінше жүктемені азайтудың орнына волюнтаризмге салып, нәтижесі күмәнді сабақты енгізгісі келіп отыр.
 
Құдайшылығын айтсақ, қазіргі 9-11-сыныптарда оқытып жатқан құқық пәнінің өзінен аса пайда болып жатқан жоқ. Себебі соған күрделі тақырыптарды тығып қойған. Егер де Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Тоқаевтың көңілінен шыққысы келсе (солай екені анық), жоғарыда айтылған пәндерді қиыннан қиыстырып, 9-11-сыныптың құқық пәніне кіріктірсе де болар еді. Тіпті болмаса, "Заң мен тәртібін" 8-сыныптан оқытсын. Сонда жүктеме 4 сағатқа азаяды, сәйкесінше, соның ақшасы үнемделеді.
 
Қазір елдегі жоспарланған көп жұмыстар кейінге қалдырылып, кей аудандарға субвенция берілмей жатыр.
 
Сондай кезде ақшаны далаға шашуды қою керек қой. Әлде бұған дейін білім саласындағы пайдасыз істерге шашылған қаражат аз ба еді?
 
Жоғарыда жаңа былық деп қалдық. Оқу-ағарту министрлігінің өзі бір керім жаңалық сияқты айтып жатқанымен, мен содан ешқандай жаңалық көріп тұрған жоқпын. Бұл-жаңалық емес, жаңа былық"дейді. 
Барлық жаңалықтар