"Бұл - ұлттық мектепке ғана емес, тікелей ұлтқа жасалған қиянат" дейді Аятжан Ахметжанұлы

"Бұл - ұлттық мектепке ғана емес, тікелей ұлтқа жасалған қиянат" дейді Аятжан Ахметжанұлы

Блогер Жасұлан Жақыповтың QazBilim ұлттық мектеп-лицейлеріндегі ақша мәселесіне қатысты жазбасына аталмыш білім ордасының басшысы, білікті ұстаз Аятжан Ахметжанұлы ресми жауап берді деп жазады Democrat.kz.

Естеріңізге салып өтейік, блогер Жасұлан Жақыпов QazBilim ұлттық мектеп-лицейлеріндегі кей мұғалімдердің жалақысын уақытылы ала алмай жүргені туралы пост жариялаған болатын. 

Осы мәселеге байланысты QazBilim ұлттық мектеп-лицейлерінің басшысы Аятжан Ахметжанұлы проблеманың басты тетіктеріне тоқталып, арнайы жазба жариялады.  

"Кінәлі кім — мен бе, әлде министрлік пе?

Ұлттық мектеп қалыптастыру мақсатында жан-ұшыра тірлік қып, 230-дан астам оқу-әдістемелік құралды тек қазақ тілінде шығардым!

Тек қазақ тілінде, тереңдетіп білім беретін 9 ұлттық мектеп желісін құрдым!

Мыңдаған бала армандаған мамандығына, топ-университеттерге грантқа түсті.

Республикалық деңгейде оқушылар олимпиадада топ жарып келеді!

Алты жыл бойы 1500-ге жуық тегін онлайн сабақ түсіріп, оқушыларды YouTube кеңістігінде дайындап жүрмін!

Жылына 400-500 оқушыға тегін грант беріп, үздік ұстаздарға пәтер сыйладым!

Кеше ғана шәкірттер IELTS тен 7.5; 8.0; 8.5 алып, SAT ден математика 800/800 алып, АҚШ тың топ университеттеріне грнатқа түсіп жатыр!

Дәл сондай сәтте тілін тістеп, ақпараттық қолдау көрсетуге жарамаған, тек “қоқыс теріп” жүрген біреулер мен туралы бір негатив тауып, бүкіл желіде алақайлап пост жазыпты. Әрине, тапсырыс иесі көкесін де танып отырмын.

Енді сол посттағы мәселеге тоқталсақ:

2023 жылғы қараша айынан бері Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерді “сорлатып” отыр. Келісімшарт бойынша министрлікке қарасты қаржы орталығы лицензия алған соң, оқушы саны бойынша ай сайын жан басына қаржыландыру жүргізіп, жылына 9 ай қаржы төлейді. Бұл қаржыны барлық мектептер алады. Жылына 500000 теңгеден 1,3 миллионға дейін ақы алатын мен сияқты мектептер де, 3–7 миллион алатын орыс және ағылшын мектептері де алады.

Кез келген істі бастағанда қаржы жоспары болады:

ата-анадан кіріс + мемлекеттен кіріс = аренда + коммуналдық шығындар + жалақы + оқушы тамағы + оқушы формасы + оқулықтар. Ең құрығанда, кіріс пен шығыс тең болу керек.

Ал дәл қазір жағдай қалай?

2023 жылғы қарашадан бері 1,5 жыл бойы министрлік келісімшарттағы төлемді уақытында төлемей келеді. Бастапқыда жарты ай кешіктірсе, қазір үш ай, кейде тіпті бір жылға созып отыр.

Соның кесірінен көптеген жекеменшік мектептердің қаржы жүйесі бүлініп, жыл бойы қаншама оқу орындары жабылды. Бұл мәселені бұған дейін де көтеріп, тіпті президентке дейін бірнеше хат жаздым. Бұл білім саласына жасалып жатқан үлкен қиянат.

Дәл қазір министрлік бізге **2023 жылғы желтоқсан** және **2025 жылғы сәуір, мамыр** айларының ақшасын әлі толық берген жоқ. Салдарынан біз тығырыққа тіреліп отырмыз.

Үкімет тиісті төлемдерді жүргізбесе, біз өз борышымызды қалай өтейміз?

Дегенмен сан тараптан қаржы тауып, жыл бойы қаржыландыруды өз мойныма алып келемін. Әлі күнге дейін күнделікті реттеп жүрмін.

Айтпақшы, көп жеке мектептер демалыс пен сауықтыруды да төлемейді. Толық төлейтін бір мектеп болса, ол біздің мектеп.

Басқасын айтпананда ұлттық лицейлерге шабуыл жасағанда қыңқ етпегендер жерден жеті қоян тапқандай бір жерден табыла қалыпты.

Тіпті “сөз бен іс” деп қояды...

Бітірген тірліктерің болса, айтыңдаршы!

Ал менің атқарған істерімді сауатты жұрт жақсы біледі. Басқасын айтпағанда, халықаралық олимпиададан жүлде алған оқушыларым, химиядан 15-ке жуық оқу-әдістемелік құрал, 11 жыл бойы сапалы білім беріп келе жатқан жүйе, білім саласындағы қаншама жобалар, менің қанатымның астында мықты ұстаз болып қалыптасқан мамандар. 430-дан астам адамға айлық таратып, 2 000-нан астам оқушы оқытып көр!

Бұндай тірліктің бірін жасай алмасаңдар, артық қадірлеріңді қашырмаңдар!

Құқық қорғағыш болсаңдар, керең министрлікке айтыңдар!

(Айтпақшы, министр автордың жерлесі — жел қайдан соққаны түсінікті ғой.)

Бұған дейін де айтқанмын, тағы да айтамын!

Ұлттық мектеп желісін қалыптастыруға шамаң келсе көмектес, келмесе кедергі жасама!

Мықты болсаңдар, жылына 10–20 миллион теңгеге оқытып, шетелге адами капитал даярлап жатқан мектептермен күресіңдер!

Мен істеп жатқан тірлікті іштен көре алмасаң, сырттан үрме!" деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.

Барлық жаңалықтар