"Бұлай кете берсе, жастар мектепке келмейді": Белсенді ұстаз сағат мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді

"Бұлай кете берсе, жастар мектепке келмейді": Белсенді ұстаз сағат мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді

Жаңа оқу жылы басталар алдын жыл сайын мұғалімдердің басты проблемасы сағат жүктемесі екені белгілі. Дәл қазір сағат жүктемесіне қатысты әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды. Сондай пікірталастың бірі "жас маманға аз сағат беру керек" деген сөздің айналасында өрбіді деп жазады Democrat.kz.

ТикТок әлеуметтік желісінде белсенді педагог мұғалімдердің сағат жүктемесіне қатысты өз пікірін білдіріп: "Жас мамандарға артық сағат беруге қарсымын дегендерге қатысты өз пікірімді білдіргім келеді. 

Ең алдымен мұндай пікірге қарсы екенімді айтқым келеді. Біріншіден, мұғалімге тиесілі 16 сағат жүктемесі толық берілуі керек. Ал содан кейін артылған сағаттарды бөлуді қарастырған жөн. 

Артық сағаттарды алдымен кімге берген жөн? Ең алдымен, өткен жылы үздік еңбегімен көзге түскен, оқушылары жеңімпаз болған, мектептің абыройын көтерген мұғалімдерге, сосын ӘБ жетекшілерінің еңбектері ескерілуі керек. 

Мұнан бөлек, мұғалімнің әлеуметтік жағдайы да ескерілуі керек. Кей мұғалімнің бірнеше студент баласы бар, енді бірі ерекше бала өсіріп отыр. Соларды назардан тыс қалдырмау керек. Тәжірибелі ұстаз да ұмыт қалмауы керек. 

Алайда жас маманға үлкен қолдау көрсетпесек, ертең олар мектепте қалмауы мүмкін. Қазіргі жастар бұрынғы педагогтар секілді емес. "Еңбегім бағалансын" деп талап қояды. Жастардың пәтер ақысы бар төлейтін. Олардың арманы бар. Егер мектеп оларға мүмкіндік бермесе, келешекте мектепте жастар болмай қалуы мүмкін. 

Ал ең бастысы, мектеп басшылығы қанша сағаттың кімге не үшін берілгенін ашық айтып отырса. Сонда әділдік болар еді", - дейді. 

Меруерт есімді педагогтың бұл пікіріне қатысты жас әріптестері "жас маман болып,7 сағатпен жүргем", "бізде жас маманға қысыым көп жасалады", "біз кезінде...деп басталатын үлкендердің сөзінен жиіркенемін" дегенге саятын пікірлер жазуда. 

Барлық жаңалықтар