Кешегі Мәжілістегі кей депутаттардың мұғалімдерге қатысты пікірлері мен ұсыныстары жұрттың ренішін оятуда. Депутат Мұрат Әбеновтің айтқандарымен келіспейтінін жеткізген білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы әріптестеріне дабыл қақты деп жазады Democrat.kz.
"Мұрат Әбенов, "мұғалімдер сайлауға барып дауыс бермеді, референдумда дауыс бермеді" деген статистика бар ма?
Дәл сіз осыдан оншақты жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінде вице-министр болдыңыз.
Вице-министр кезіңізде Өмір Шыныбекұлы деген мұғалімді фейсбукте блоктағаннан өзге не бітірдіңіз?Егер бүгін білім саласында проблема болса, оның жауапкершілігі сізде, Мұрат Әбенов! Себебі, Сәрінжіповтен сұрай алмаймыз, Сағадиевтен сұрай алмаймыз! Олар баяғыда аттан түскен! Ескі Қазақстанда да, Жаңа Қазақстанда да ел алдында жүрген сіз ғана! Мынау масқараның жауапкершілігі сізде!
Қасым-Жомарт Кемелұлы, мынау секілділерге сенбеңіз!
Әбеновтің мынау айтып отырғаны өзіңіз 2019 ж. қол қойған "Педагог мәртебесі туралы" Заңды аяққа таптау!
Сіз қол қойған аталмыш заңнан кейін бүкіл Орталық Азия елдері мұғалім мәртебесін көтеруді қолға ала бастап еді.
Мыналар Қазақстанды масқара қылмақшы!Егер аудандық білім бөлімдері аудан әкімдеріне бағынышты болса, кемі 10 жыл артқа кеткеніміз!Президенттің бастамасымен салынған "Келешек мектептерінің" мұғалімдері көше сыпырып, дөкейлер келсе зал толтырып, балалар жайына қалады.
Асқат Қанатұлы, біз сізбен біргеміз!
Зейнет жасына жетсем де мұғалім мәртебесі үшін тіпті рельске жатуға да дайынмын!
Себебі, немерелерімді құл мұғалім оқытуына жан-тәніммен қарсымын!
Құл мұғалім құлды тәрбиелейді!" деді ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Ы Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық Кеңестің төралқа мүшесі. Өмір Шыныбекұлы.