Танымал журналист Гүлжан Ерғалиева "Челахтың құпия хаты" туралы айтып, қоғамға бірнеше сауалын жолдады деп жазады Democrat.kz.
Elmedia арнасының жетекшісі, танымал журналист Гүлжан Ерғалиева "Арқанкерген оқиғасы" бойынша сотталып, түрмеде жатқан Челахтың құпия хаты болғанын айтады.
"Челахтың туыстары бізге "ол сіздердің редакцияға "Арқанкерген оқиғасының" бар шындығы туралы хат жазып, жолдауға дайын" екенін хабарлаған еді.
Түрмеде отырған Владислав Челах расымен де, біздің редакцияға "Арқанкерген оқиғасы" бойынша ешкімге айтпаған құпиясының бәрін жазып, жолдамақ болған.
Алайда Челахтың бұл хатын түрмеден шығартпай қойған. Шындықты айтып, хат жолдаған Челахтың құқығын бұзып, хаттың журналистерге жетуіне кедергі келтіріп отырған кім?
Билікті қорқытатындай, Челах хатында не жазды екен? Әлде "Арқанкерген оқиғасында" өзінің кінәсі жоғын, әлдекімнің қылмысын мойнына алғанын мойындады ма екен, білмейміз", дейді Гүлжан Ерғалиева.