Сара Назарбаева Президент іс басқармасы жанындағы Ұлттық госпиталден ем-домын аяқтап шықты. Бұрын «Совминка» деген атаумен танымал медмекеме елдің экс-бірінші ханымы ауруханадан үй жағдайына ауыстырылғанын мәлімдеді деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
«Пәциент емдеу курсын толық аяқтап, биыл қаңтарда амбулаториялық бақылауға шығарылды. Денсаулығы, диагнозы және емдеу әдістері туралы басқа ақпарат дәрігерлік құпия саналып, жария етуге жатпайды», – делінген госпиталь хабарламасында.
Сара Назарбаеваның ауруханаға түскені туралы ақпарат алғаш рет 2025 жылдың 5 мамырында тарады. Әлемжеліде оның ауыр халде жатқаны, тіпті қайтыс болғаны туралы қауесет шыққан еді. Алайда көп ұзамай әулет өкілдері ақпаратты жалған деп жоққа шығарды.
2025 жылдың қазан айында экс-елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның сәуір айынан бері Ұлттық госпитальде ем қабылдап жатқанын ресми түрде растады. Осылайша ол медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында 9 айдай жатқан.
Күні кеше Алматыға әулеттің үлкені Дариға Назарбаева ұшып келген болатын. Экс-президенттің қызын ұшақтан шығып бара жатқан сәтте Әлішер Елікбаев дейтін блогер байқап қалған.
Сара апа туралы не белгілі?
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен шаңырақ көтергеннен кейін отбасында үш қызы дүниеге келді. Алғашқыда қыздарының тәрбиесіне ден қойған ол, кейінірек қоғамдық қызметке белсенді араласты.
Айта кетелік…
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім» атты естелік кітап жазып, екінші әйел алғанын, одан екі ұлы бар екенін мойындаған.
«Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім», — деген болатын экс-президент.