Мемлекет басшысы Үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды деп хабарлайды Democrat.kz.
Президент сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді.
– Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау айрықша өзекті. Қазіргі заманда мұны өзгелерден тәуелсіз болудың бұлжымас қағидасы десек, артық айтқандық емес. Бізге жасанды интеллект пен «бұлтты» технология қызметтеріне арналған инфрақұрылымдық базаны дамыту керек. Осы бағыттағы басты жоба – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру ісін жүйелі жүргізу қажет. Бұл – алдағы уақытта экономикамыздың жаңа индустриялық тірегіне айналатын ауқымды кластер. Мұндай орталықтар кәсіпкерлер мен ғалымдарды есептеу ресурстарымен қамтамасыз етеді. Сенімді цифрлық инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс. Үкімет «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауы қажет. Бұл ретте халықаралық стандарттар және осы саладағы жетекші компаниялар бекіткен талаптар ескерілуге тиіс. Ең бастысы, бұл аса маңызды жоспар еліміздің сұранысына сай және заманауи озық үрдістерді ескере отырып жасалғаны жөн. Дата-орталықтар – сәнді цифрлық технологиялар көрмесі емес, – деді Мемлекет басшысы.