Декреттік ақшаның машақаты: Мемлекетке залал келтірдің деп әйелді прокуратура шақыртты

Декреттік ақшаның машақаты: Мемлекетке залал келтірдің деп әйелді прокуратура шақыртты

Желіде қазақстандық әйел декретке жеке кәсіпкерлік арқылы шығып, кейін төлемдердің айырмасын қайтаруға міндеттелгені туралы айтты. Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны Мадина Елубайқызы жүкті кезінде торт пісіріп сатумен айналысқан. Жеке кәсіпкерлігі арқылы декретке шыққан ол кейіннен “мемлекетке залал келтірді” деп ақшаның кей бөлігін қайтаруға мәжбүр болған. Мадина Stan.kz тілшісіне жағдайдың қалай басталғанын және қандай қателіктер жібергенін өз тәжірибесімен баяндап берді деп жазады Democrat.kz.

Мадинаның айтуынша, бәрі 2021 жылы жүкті екенін білген кезде басталған. Ол кезде ол үйден тапсырысқа торт пісіріп, Instagram арқылы сатып жүрген.

“Мені 2022 жылы алған декреттік төлемдердің айырмасын қайтаруға міндеттеді. Бұл жағдай прокуратурадан келген хаттан кейін белгілі болды. Онда мен әлеуметтік сақтандыру қорына зиян келтіргенім көрсетілген. Жалпы, мұның бәрі неден басталды? Бұны айтқым келмеген еді, бірақ айтуға тура келіп тұр. Өз тәжірибем бойынша бұл біреулерге пайдалы болады деп ойлаймын.

Сол уақытта табысым бар еді, бірақ ресми түрде тіркелмегенмін. "Салық төлемей ұсталып қалсам айыппұл салмай ма?" деген қорқыныш болды. Жүкті екенімді білген соң, желіде декретке шығу туралы түрлі консультациялар көре бастадым. Сол кезде "жеке кәсіпкерлігімді неге декретке қолданбасқа әрі табысымды таза түрде көрсетіп салығымды төлейін" деген ой келді”, – дейді ол.

Мадина кейін жеке кәсіпкерлік ашып, тапсырыс бойынша түскен нақты табысын көрсеткенін айтады. Ай сайынғы кірісі шамамен 170 – 200 мың теңге аралығында болған. Ал декретке жоғары төлем алу үшін көрсетілетін максималды табыс 450 – 490 мың теңге шамасында еді.

“Мен табысымды қолдан көбейткен жоқпын. Қанша тапсам, сонша көрсеттім. Барлық төлемдерді –  зейнетақы, әлеуметтік аударым, МӘМС-ті заңды түрде төледім. Зейнетақы қорына 10%, әлеуметтік қорға және 3,5% МӘМС-ке, заңды түрде төледім. ”, – дейді ол.

2022 жылдың мамыр айында Мадина декретке шығып, көп ұзамай жеке кәсіпкерлігін жабады. Сол кезде ол зейнетақы аударымдарын артығымен төлеп қойғанын біліп, артық бөлігін қайтарып алуға болатынын естиді.

“Мамыр айында декретке шықтым. Маусым айында маған декреттік төлем тағайындалды. Декретке шыққан соң жұмыс істемеймін деп, жеке кәсіпкерлігімді жабуға шешім қабылдадым. Кәсіпкерлікті жапқан кезде қарыздар шықты, оларды жаптым. Осыдан кейін жеке кәсіпкерлікке қатысты заңдар мен тәртіптерді өзім үшін оқып, зерттей бастадым. Сол кезде айналамдағы қыздар зейнетақы аударымдарын артығымен төлеп қойғанымды, сол артық соманы қайтарып алуға болатынын айтты. Ол кезде заң бойынша декреттік төлем есептелгенде тек әлеуметтік аударымдар ескерілетін. Сондықтан зейнетақыға артық салған ақшамды қайтарып алуға болады деп ойладым. Мысалы, айына 21 мың теңге төлесем, соның 14 мың теңгесін қайтарып алып, 7 мың теңгесін қалдырдым. Ал 18 мың теңге төлеген жағдайда 6 мың теңгесін қалдырып, 12 мың теңгесін қайтарып алдым. Осылай төрт-бес айдың ғана артық төлемін алдым. Кейін бәрін реттеп, бұл жағдайды ұмытып кеттім”, – дейді Мадина.

“129 мың теңге”: Мемлекетке залал келтірдіңіз” деді”

Алайда арада біраз уақыт өткен соң, 2023 жылдың желтоқсан айында оған Рудный қаласының прокуратурасынан хабарласады.

“Мені прокуратураға шақырды. Барсам, “мемлекетке залал келтірдіңіз” деді. Мен ол кезде екі түрлі заң жұмыс істегенін, бәрін сол кездегі талапқа сай жасағанымды түсіндірдім. Бірақ соттасатындай үлкен сома болмаған соң, төлеуге келістім”, –  дейді ол.

Нәтижесінде Мадина мемлекетке шамамен 129 мың теңге қайтаруға міндеттелген. Бұл сома үш айға бөлініп төленген.

Оның айтуынша, дәл сол кезеңде заңда түсініксіз тұстар көп болған. Ал қазір есептеу жаңа өзгерістерге сүйеніп жүргізіліп жатыр.

“Менің жағдайым жалғыз емес. Таныстарымның арасында да осындай жағдайға тап болғандар бар. Бір әйелдің бухгалтері екі айлық төлемді қайтарып алған. Соның салдарынан балаға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кейін түгелдей қайтару талап етілген”, – дейді ол.

Сөз соңында Мадина басқа аналарға кеңесін айтты.

“Егер нақты кәсібіңіз болмаса, тек декрет үшін жеке кәсіпкерлік ашпаған дұрыс. Машақаты көп. Тіпті бухгалтерге сенсең де, бәрін өзің қадағалау керек. Ең бастысы – төленген төлемдерді кейін қайтарып алмау. Барлығын заңды, адал жолмен жасаған дұрыс. Баланың несібесі адалынан келгені дұрыс”, – деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалықтар