ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Суды үнемде – болашақты сақта!» акциясын қолдайтынын білдіріп, суды үлкен үнемдеуге апаратын қарапайым қадамдары туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
Әрбір адам мен әрбір отбасының күнделікті әрекеттері жылына мыңдаған литр суды сақтап қалуға қабілетті.
Министрліктің таратқан ақпаратында тіс тазалағанда шүмекті үнемі ағызып қоймай, суды стақанға құйып пайдалану жылына 6300 литр суды үнемдеуге мүмкіндік беретіні айтылады.
Ванна қабылдаудың орнына қысқа уақыттық душты таңдау жыл сайын 15 600 литрге дейін суды сақтауға көмектеседі. Жеміс-жидек пен көкөністі ағынды судың астында емес, бөлек ыдысқа салып жуу жылына 1500 литрге дейін суды үнемдеуді қамтамасыз етеді.
Тұрмыстық техниканы толық жүктеу. Кіржуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық толған кезде ғана пайдалану 6 адамнан тұратын отбасы үшін жылына 35 000 литрге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Екі режимді су төгу багын орнату жылына 6000 литрге дейін, ал сенсорлы шүмектерді орнату — 4500 литрге дейін суды үнемдеуге көмектеседі. Шүмектер мен сантехникалық жабдықтарды жүйелі түрде тексеріп тұру су тұтынуды 10%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Тіпті кішкентай ғана су ағудың өзі тәулігіне 100 литрге дейін судың шығын болуына әкеп соғуы мүмкін. Әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігі – ел ресурстарын сақтаудың кілті. Суды бүгін үнемдей отырып, біз келесі ұрпақ үшін болашақты сақтаймыз делінген министрлік таратқан ақпаратта.