Денсаулық сақтау министрі жіті бақыланатын Республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізуді тапсырды

Денсаулық сақтау министрі жіті бақыланатын Республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізуді тапсырды

Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің ұсталуы жағдайларына қатысты шағымдар жарияланды деп жазады Democrat.kz. сайты Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай әрбір өтінішті онда келтірілген фактілерді жан-жақты әрі объективті зерделеуге негіз ретінде қарастырады.

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аталған мекеменің қызметіне кешенді тексеру жүргізуді бастайды.

Мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің болу жағдайларын, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін, сондай-ақ ем қабылдап жатқан азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді.

Тексеруге өз құзыреті шегінде уәкілетті мемлекеттік органдар, оның ішінде прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тартылады.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық келтірілген фактілерге объективті баға беріледі. Егер заң бұзушылықтар анықталатын болса, Министрлік заңнамаға сәйкес тиісті ден қою шараларын қабылдап, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұл – еліміздегі осы бейіндегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме екенін айта кеткен жөн. Мұнда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған пациенттер ем қабылдайды.

Бұл қарапайым стационар емес. Мекеме бір мезгілде екі маңызды міндетті орындайды: ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға мамандандырылған психиатриялық көмек көрсетеді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Мекемедегі пациенттердің 80%-дан астамы жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.

Аталған мекемеде ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады. Бұл – пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, емдеу, оңалту және психикалық денсаулықты қалпына келтіру үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған медициналық, ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралар кешені.

 

Барлық жаңалықтар