«Педагог мәртебесі туралы» заңға маңызды өзгерістер қабылданып, заң Сенатқа жолданды. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Негізгі жаңалықтарға тоқталған Асхат Аймағамбетов:
"Бірінші. Бұдан былай педагог оқушының қауіпсіздігі үшін тек мектепте, сабақ уақытында және өз лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болады.
Президентіміз Қ.К. Тоқаев тамыз кеңесінде ұстаздардың жауапкершілігі тек оқу-тәрбие процесімен шектелуі тиіс екенін қадап айтқан болатын.
Екінші. Есептіліктің қайталануына тыйым салу.
Есептілікті екі форматта (электронды және қағаз) қайталауға заңмен тікелей тыйым салынады. Егер құжаттың электронды нұсқасы болса, қағаз түріндегі нұсқасын талап ету заңсыз деп танылады.
Үшінші. Оқуға түсудегі «айналма жолдарды» жабу.
Педагогикалық мамандықтарға ҰБТ-дан тиісті шекті балл (75 балл) жинамай-ақ, шетелдік ЖОО-дан ауысу арқылы келетіндер көбейген. Енді кез келген шетелдік университеттен ауысқан студентке ҰБТ тапсыру және арнайы емтиханнан өту міндеттеледі. Мұғалімдікке тек ең мықтылар келуі тиіс.
Төртінші. Қорғау аясын кеңейту.
Мұғалімді өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан қорғайтын норма бұрын негізінен мектеп мұғалімдеріне қатысты болса, енді бұл талап балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтеріне де толықтай қолданылмақ", деп жазды.