Депутаттың айтатын сөзі ме бұл? "Әйел тілінен таба ма, әлде ұлдың тәрбиесі ақсады ма?"

Депутаттың айтатын сөзі ме бұл? "Әйел тілінен таба ма, әлде ұлдың тәрбиесі ақсады ма?"
Белсенді ұстаз Айнұр Сабыр депутаттың қисынсыз сөзіне қатысты пікір білдіріп, ұл тәрбиесіне қатысты мәселе көтерді деп жазады Democrat.kz.
 
"Біздің елде ұл тәрбиесі ақсап тұрғаны рас. Тіпті отбасындағы жанжалға бармай-ақ, мектепте оқитын ұлдар қыздарға қол көтеріп, балағат сөздер айтады. Сол таяқ жеп жүрген, балағат сөз естіп жатқан қыздар тілінен тауып жүр ме? Жоқ. Жеке мүлкін, жеке басын қорғағаны үшін. Біреуге көмектескені үшін...
 
Осындай жағдай өз басымда болды.
Бір күні сабақ кезінде қызым жылап телефон соқты. Жұмыстан шыға сап, қызымның мектебіне ұштым.
Келсем қызым ботадай боздап, әлі жылап отыр.
Не болғанын сұрауға қорықтым.
 
Сөйтсе, сыныбындағы бір бала өте ауыр сөз айтқан. Тіпті жазуға дәтім шыдамайды.
"Сен оған не істедің? Ол сөзді неге айтты? Төбелестің бе, ұрыстың ба?" десем, "Жоқ, мен оған жақындаған жоқпын. Неге айтқанын білмеймін" дейді.
Содан "тергеу" басталды.
 
Қызым көршісінің, ұл бала, ылғи сабағына көмектеседі екен. Ал балағаттаған бала ұлдар мен қыздардың арасындағы осындай қарым-қатынасты ұнатпайды екен. Ұлдарға ылғи "Қыздарға жалпылдамаңдар. Бір жеріне кірмеңдер" деп айтады екен...
 
Әлгі баланың ата-анасын сынып жетекші мектепке келтіре алмай жатқан соң, өзім сөйлестім. Әкесі маған бір жерде замдиректор екенін алға тартып, уақтының жоқтығын сылтауратты. Мен оған баласын аямаса, полицияға хабарлайтынымды айтқам, бес минутта жетіп келді.
 
Әкесінің білім бөліміне қатысты бір мекемеде замдиректор екенін естіп, өзім шок болдым. Сөзін тыңдап тұрып, баланы аядым. Қатты аядым. Екі сөзінің бірі "Ол шешесінің баласы. Менікі үлкендері. Олар мықты. Анда оқиды, мында оқиды... Мынау ылғи мені позор қылады. Күзде де бүйтті, сүйтті... " деп шұбыртып жатыр...
 
Ең сорақысы мектепке келіп баласын жұрттың көзінше ұрған. Сынып жетекші арашалап алған. Үйінде не істейтінін біле беріңіз...
 
Бұл осы сыныптағы бірінші оқиға емес. Бұған дейін де ұлдар мен қыздардың арасында талай жанжалдар болып жатыр... Сынып жетекші шыр-пыр боп, қанша тәрбие жұмысын жүргізіп, татуластырып, барын салып жүрсе де, үйдегі тәрбие бәрібір "өзінікін істейді".
 
Өзім де екі ұл тәрбиелеп отырмын. Тілдері өте кеш шықса да, балағаттатып үйретпедім. Екеуі де мектепті аяқтаса да, осы уақытқа дейін бір мұғалім тәртіптеріне қатысты бірде-бір ескерту айтып көрген жоқ.
 
Қазір қызым сабақ жақындаған сайын, оқығым келмейді деп тулап отыр. Мектебі үйге жақын, білім беруі, мұғалімдері жақсы болса да, сыныпта осындай оқушылардың болғаны өте қиын екен.
 
Бұл бүкіл мектепте бар жағдай. Өзім сабақ беретін сыныптарда қыздарға өздігінен ұрынып, қопаңдайтын оқушыларды үнемі тәрбие бөліміне хабарлап, ескерусіз қалдырмаймын.
 
Үйінен тәрбие көрмесе де, адамның құқын таптау, денсаулығына зиян келтірудің арты жақсы болмайтынын түсініп өссін. Басқа қолымыздан не келеді?
 
P.S. Мына депутатты кім таниды?
Қай жердің депутаты?
Пікірге тиісті органдарды белгілеп жіберіңіздерші" деп жазды Айнұр Сабыр. 
Барлық жаңалықтар