«Дьявол носит Prada – 2» фильміне тизер жарияланды

«Дьявол носит Prada – 2» фильміне тизер жарияланды

20th Century Studios кинокомпаниясы культті «Дьявол носит Prada» фильміне сиквел түсіріліп жатқанын растады. Ресми Instagram парақшасында жарияланған қысқа жазбада:

«Дьявол носит Prada – 2. Өндірісте» – делінген.

Желі қолданушылары қуанышын жасыра алмай, пікірлерде неткен тағатсыздана күтіп жүргендерін жазған:

«Шыдамым жетпей барады!», «Бұл біз үшін өте маңызды», «Жалғасын шығаратын уақыт келді!» – деп жазды фанаттар.

Әзірге 20th Century Studios фильмнің нақты түсірілім тобы мен актерлік құрамын жариялаған жоқ. Көпшілікті қызықтыратыны – 2006 жылғы түпнұсқада басты рөлдерді сомдаған Энн Хэтэуэй, Эмили Блант пен Мерил Стрип жаңа бөлімге орале ме – бұл жағы беймәлім.

Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында Лос-Анджелесте өткен SAG Awards салтанатында осы үш актриса сахнада қайта бас қосқан болатын. Олар фильмнен шабыт алған шағын көрініс көрсетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Сахнаға Мерил Стрип шығып, «Көру көзілдірігім мен конвертімді ұмытып кетіппін» дегенде, Энн Хэтэуэй мен Эмили Блант көмекке асығып жеткен. Бұл сәт әлеуметтік желіде кеңінен таралды.

Сонымен қатар, 2024 жылдың қазанында «Принцесса күнделіктері» фильмінің де жалғасы түсірілетіні белгілі болған еді. Алғашқы екі бөлімінде Энн Хэтэуэй мен Джули Эндрюс басты рөлдерді сомдаған. Энн Хэтэуэй өзінің бұл жобаға қайта оралатынын әлеуметтік желіде ресми түрде растаған.

Көпшіліктің сүйікті актрисасы жаңа рөлдерге қайта оралып жатқанын ескерсек, «Дьявол носит Prada – 2» фильмінде де оны көру үміті бар.

Барлық жаңалықтар