Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева әлеуметтік желідегі парақшасында ұмытылып бара жатқан бір дәстүріміз туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында Света Айтбаева бұрынғы қыз ұзатуда болатын шарттардың қандай болғанын айтып, олардың нақты себебіне тоқталды.
"Қазақ қыз баланы түс ауғанша ұзатқан. Оның өзіндік терең мағынасы бар. Соңғы жылдары түнгі 12-де мейрамханадан шығарып жіберетін әдет пайда болды, мүмкін уақытты үнемдеудің шарасы болар.
Біздің өңірде той өткен соң ертеңіне арнайы қой сойып , қыз бен күйеуге , құдаларға қонақасы беріледі. "Қыз - қонақ " деген сөз осы дәстүрге қатысты да айтылған болуы керек. Әкесінің босағасынан алғаш рет қонақ ретінде арнайы қонақасын жеп , өз жұртына аттанады. Маңдайы ашық болсын деп , таң нұрына, күн сәулесіне бөленіп , ел-жұртының батасын алып өз босағасынан шығады. Жеңгелері құдалардың көрімдігін алып , қыз жасауын көшке тиейді .
"Құда тартар " салтын жасап , әзіл - қалжыңмен , ақ батамен , сән - салтанатымен қызды шығарып салады. Міне , біз де Раушантайды ата - баба салған жолмен , сол дәстүрден ауытқымай ұзаттық . Сол керемет сәтті еске түсірген әдемі сурет", деп жазды Света Айтбаева.
Бұл жазбаға қатысты Света Айтбаеваның оқырмандары да өз білгендерін ортаға салып, "өте дұрыс" деген пікірлер жазуда.