"Дін дауы": Сайдакбар Мирзоев мектепті сотқа берді

"Дін дауы": Сайдакбар Мирзоев мектепті сотқа берді
Шардаралық қоғам белсендісі Нұржамал Реметова көптен бері көтеріп жүрген мәселесіне қатысты тағы бір мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Осы биыл 5 наурыз күні "Фердауси мектебі оқушылары қайтадан хиджапқа оранды" деген пост жариялап едім ғой.
 
Аталмыш пост үшін 7 наурыз күні 3 жыл бойы ұл-қыздары мектеп бетін көрмеген Сайдакбар Мирзаев деген сол ауылдың тұрғыны менің үстімнен "Әкімшілік кодекстің 73-3 бабымен, қылмыстық кодекстің 174 бабымен жауапқа тарту" туралы полицияға арызданған болатын.
 
Жергілікті полиция осы арыз бойынша маған ӘҚБтК-нің 73-3 бабымен әкімшілік хаттама толтырып, менің жазбамды сот психологиялық-филологиялық сараптамасына жолдаған.
 
Жаңылмасам, бес-алты рет Қазақстанның түкпір-түкпіріне жолданды-ау. Алайда, "Сұмырай келсе,су құриды"демекші, менің жазбам барған орталықтарда не маман болмады, не маман еңбек демалысында болды, әйтеуір, сараптама қорытындысы шығам дегенше жарты жыл өтті.
 
Сонымен, жарты жыл күткен сараптама қорытындысы бойынша: мен "Сайдакбар Мирзаевтың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөз жазбаған" болып шықтым.
 
Сөйтіп, менің үстімнен толтырған әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқартылды.
 
Осы Сайдакбар жазған арыз бойынша маған алаңдаушылық білдіріп,жекеме шығып мән-жайды сұрап, тілеулес болған жандарға алғыс!
 
Айтпақшы, осы Сайдакбардың екі қызы мен бір ұлы үш жыл бойы мектепте оқымаған деп жазып едім ғой.
Сол Сайдакбар енді екі қызын мектепке кіргізбегені үшін Фердауси мектебінен 30 миллион теңге моральдық зиян өндіру талабымен сотқа беріп, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жеңіліп, енді аппеляцияға беріп жатыр екен.
 
Осы жерде менде бір сұрақ туындап тұр: Сайдакбардың екі қызы мен бір ұлы 3 жыл бойына міндетті білім алудан мақрұм қалады.
 
 Енді Сайдакбар екі қызының моральдық зиянын 30 миллионға бағалап, мектептен өндіруді сұрап отыр. Ал ұлдың моральдық зияны ше, ұлдың құқығын кім қорғайды?
 
Ата-ана кәмелетке толмаған перзенттерінің міндетті білім алуына жағдай жасауға міндетті емес пе?
Қыздарыңды хиджап кигені үшін мектеп кіргізбепті делік, жарайды. Ал ұлыңды неге үш жыл бойы мектепте оқытпадың, Сайдакбар?
Әлде ұлың да хиджап кимесем мектепке бармаймын деді ме?"деп жазды қоғам белсендісі Нұржамал Реметова. 
Барлық жаңалықтар