Діни киімге заңмен тыйым салынды: Дінтанушы осыған қатысты пікір білдірді

Діни киімге заңмен тыйым салынды: Дінтанушы осыған қатысты пікір білдірді

Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабуға тыйым салатын заңның қабылдануы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Осы ретте теолог Жандәулет Сүлейменов аталған заңның басты мақсаты діни көзқарасты шектеу емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бұл заң барлығына ортақ қауіпсіздік шарасы ретінде қабылданды. Әрине, бет-жүзін діни себептермен жабатын адамдар да оның аясында қарастырылады. Бірақ бұл заң діни негізде қабылданған жоқ. Бірінші кезекте – қауіпсіздік мәселесі тұр”, – деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін кейбір азаматтар мәселені діни тұрғыда қабылдап, қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып жатыр.

“Діндар бола ма, дінсіз бола ма, атеист пе – бұл әр адамның жеке таңдауы. Бірақ аталған заң бет-жүзді жасыруға қатысты қабылданды. Оны дінмен байланыстыру дұрыс емес. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған құжат екенін түсініп алуымыз керек”, – дейді теолог.

Ол Конституцияның 14-бабына тоқталып, дін негізінде кемсітуге жол берілмейтінін еске салды.

“Біз зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Бізде діни қызмет пен діни бірлестіктерге қатысты арнайы заң бар. Қандай да бір шектеу енгізілу үшін міндетті түрде сот шешімі немесе нақты заң қажет. Ал басқа айтылып жатқан дүниелер – жекелеген азаматтардың жеке көзқарасы ғана”, – деді Сүлейменов.

Сондай-ақ теолог Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бұл мәселеге қатысты ұстанымын да атап өтті.

“ҚМДБ бұл заңның біздің дәстүрімізге қайшы емес екенін, Ханафи мәзһабында бетті жабу міндетті амал болып саналмайтынын айтты. Біз бұл пікірді мүфтияттың көзқарасы ретінде қабылдаймыз”, – деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, бет-жүзді жабуға тыйым Қазақстанда ғана емес, көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да заңмен бекітілген.

“Мұндай шектеу діни себептен емес, қауіпсіздік мақсатында енгізіліп отыр. Өйткені кейбір азаматтар бетін бүркеп, қылмыстық әрекетке – мысалы, үй тонауға баруы мүмкін. Бұған дейін діни экстремизмге қатысы болған оқиғалар да бар. Сондықтан бұл заң жалпы қылмыстың алдын алуға бағытталған”, – деді ол.

Теологтың пікірінше, қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру үшін жаңа заңды құқықтық тұрғыдан кеңірек түсіндірілгені жөн.

 

Барлық жаңалықтар