"Діншілдер" Оқу ағарту министрлігіне қысым жасап отыр ма?

"Діншілдер" Оқу ағарту министрлігіне қысым жасап отыр ма?
Зайырлы Қазақстанға қанша молда керек? Дін мен мемлекет бөлінген болса да, Оқу-ағарту министрлігі кемі 2018 жылдан бері мүфтияттың 9 медресесі мен «Нұр-Мүбарак» университетіне жыл сайын миллиардтаған қаржы бөліп келеді.
 
Оқу гранттарының қаржысы медреселер есепшотына жылына екі мәрте – жыл басында және тамыз айында аударылады. Бұл заңсыздық қазақ қоғамында қатты қарсылық туғызды.
 
Журналистер осы проблема бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдады, алматылық қоғам белсендісі Әсел Таухан Оқу-ағарту министрлігін және оның аймақтық басқармаларын бірнеше мәрте сотқа берді.
 
Мүфтият маңындағы құпия дереккөздің айтуынша, ҚМДБ-ны қолдап, медреселерге бюджеттен қаржы бөлуге мұрындық болып отырған Мәдениет және ақапарат министрлігінің құрамындағы Дін істері комитеті.
 
Қазіргі бас мүфти Наурызбай Өтпенов те, ҚМДБ-ның басқа да лауазымды имамдары Дін істері комитетінде қызмет істеген, яғни экс-шенеуніктер.
 
Соның әсері болса керек, Ғылым және білім министрлігі ҚМДБ медереселерін колледж деп атап, оған заңсыз лицензия берген, «хадистану», «имам-хатиб», «исламтану» және «теологияны» кәсіптік-техникалық мамандықтар тізіміне енгізіп, медереселерге бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр.
 
«Қазір Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен келіссөз жүргізіп жатыр. Ол медреселерге мемлекеттік грант бөл дейтін Дін істері комитетінің астарлы қысымын тоқтатуды өтінді» деді дереккөз.
 
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі кәсіптік-техникалық мамандықтар тізімінде «теологияны» ғана қалдырмақ болған. Дереккөзідің айтуынша, министрлік енді «исламтануды» да кәсіптік-техникалық мамандық деп танитын құжатты өз күшінде қалдырмақ.
 
Олай болса, «исламтанушы» дайындау үшін медреселерге тағы бюджет қаржысын бөлу үшін сылтау табылды. Бұл тағы да Оқу-ағарту министрлігін Дін істері комитеті «уысынан» шығармауға күш салып жатқанын байқатады.
 
ҚМДБ зайырлы Қазақстан бюджетінің «мойнына» масыл боп мініп алған. 2023 жылғы «ҚМДБ-ға қажет мамандықтар» атты құжатта Қазақстанда 4650 имам бары жазылған (бас имам - 1260, наиб имам -1004, азаншы – 423, ұстаз - 613, молда – 1634).
 
Осыншама молда кадр мүфтиятқа жетпейді екен. Сондықтан ҚМДБ басшылығы мүфтият жүйесіне тағы да 11400 дін қызметкерінің тапшылығы бар деп жазыпты.
 
Және молдаға деген сұраныс жыл сайын арта береді-мыс. Міне, осындай өтірік есепті басшылыққа алған Дін істері комитеті молда дайындауды Оқу-ағарту министрлігінің міндетіне кіргізіп қойған. Мұндай заңсыздықтың жолын кесу қажет.Осыны Ақорда біле ме екен?..
 
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. 
Барлық жаңалықтар