Мен атеистпін, яғни құдай жоқ деймін. Бірақ, мен құдай бар дейтіндерге жау емеспін. Құдай, бір жаратушы бар деп сенетіндер сене берсін, керек кезінде жалбарынып, содан көмек тілей берсін. Бұл сенім деп аталады.
Менің оларға айтарым - сенім мен дінді шатастырмаңыздар, екеуі бір ұғым деп ойламаңыздар. Дін - көптеген адамнан тұратын топ, ұйым, бірлестік. Кәдімгі саяси партияға ұқсайды. Тіпті бұл нағыз саяси партия. Ал, сенім деген тек өзіңнің басыңдағы ұстанымың, түсінігің.
Ал, партияның мақсаты - басқа бәсекелес партияларды жеңіп саяси, қаржылық, күштік билікке жету. Сол үшін мүше санын көбейтуге, қаржылық, күштік қуатын арттыруға барын салады. Мүшелер санын арттыру мақсатында штаттағы уағыз айтқыш имам, молдалардан бөлек көпке танымал адамдарды (әнші, ақын, спортшы ж/е т.с.с.) ақшамен, алдаумен, арбаумен өз жақтарына шығарып оларды өз партияларын жарнамалайтын рупор ретінде пайдаланады.
Ал, біз білетін қай партияның оңғаны бар еді? Коммунистік партия утопилық уранмен “сен коммунистсің” деп арқаға қағып өтірік мақтап қойып қаншама қыршын жастарды соғыста да, еңбекте де алғы шепке, ең қиын тапсырмаларға, тіпті тікелей өлімге итермеледі.
Одан кейін көргеніміз отан партиясы - 30 жыл билікте монополист болып еліміздің байлығын ұрлап, сатумен болды. Қазіргі аманат партиясы ол кешегі сол отан.
Ендеше неге партиясыз-ақ өмір сүрмеске? Ешқандай дінге кірмей-ақ өз санаңдағы өз құдайыңа сеніп адал еңбек ет, жаманшылық жасама, оқы, білім ал, отбасыңды құр, өс, өркенде.
Ақан ЖАҚАНҰЛЫ, қоғам белсендісі.