Танымал діндар, дінтанушы Қайрат Жолдыбай қоғамда болып жатқан еркек пен әйел тартысына қатысты пікір білдіріп, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
"Әкемнің шешеме қол көтергені есімде жоқ. Шешем де әкемнің қас-қабағына үнемі қарайтын. Бір нәрсеге рұқсат сұрасақ, әкең келсін, әкеңнен сұрайық, әкең біледі” дейтін.
Асқа әкеміз қасық салмай бала болсақ бірінші болып ұмтылмайтынбыз. Шешеміздің еріне деген осындай құрметінен соң біз де әкемізді таудай көретінбіз. Бізге жай ғана қабақ шытқаны ауыр тиетін. Қазақ отбасындағы осы үйлесім бұзылып барады.
Аяқ киімнің екі пары тең болғанымен бірдей емес қой. Тетір кисеңіз қиналып қаласыз. Оң солымен орынды кисеңіз жарасымды жұп болады. Әйел мен еркек те солай. Тең, бірақ бірдей емес.
Әрқайсысы құдай берген табиғатына сай міндеті мен мінезінен айнымаған кезде ғана үйлесімді жұп болады. Еркектің жүгін арқалаған әйелдің мінезді де тік болып, иба мен ұяңдықты, нәзіктікті жоғалтып алуы мүмкін. Еркек те құдай жүктеген міндетін ұмытқанда, мырза мінезден айрылып, ұсақталып кетеді.
Қысқасы “еркек мықты, жоқ әйел күшті” деп бір-бірімізге артықшылығымызды дәлелдеуге ұмтылмай яки кемшілігімізді көлденең тартпай қазақтың “екі жарты бір бүтін” деген пәлсапасы терең сөзіне оралуымыз керек"деп жазды дінтанушы.