Назарбаевтар әулетіне жақын тұлғалардың бірі ретінде танымал дінтанушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы Sadaq медиа агенттігі ұйымдастырған «Дүрбі» алаңына берген сұхбатында Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайына қатысты ойын айтты Democrat.kz.
Сапаралының айтуынша, Сара Назарбаева аман, бүгінде жасы 85-те. Оның соңғы жылдары көпшілік назарынан тыс қалуын дінтанушы әулет ішінде болған ауыр оқиғалармен байланыстырады.
«Сара апамыз тірі. Жасы үлкен - 85-те. Соңғы ондаған жыл ол кісі ел көзінен таса болды. Әулет ішінде ауыр жағдайлар болды. Айсұлтан немересі қайтыс болды, оған дейін Рахат пен Дариғаның оқиғалары бар. Мұның бәрі әйел адамға өте ауыр тиеді. Бір кезде ұйып отырған әулет еді», - деді ол.
Дінтанушы бұл мәселеде саяси астар іздеуге қарсы екенін айтып, жағдайды адамдық, отбасылық қасірет ретінде бағалады.
Сапаралының сөзінше, ол көмекшілерінен Сара Назарбаеваның денсаулығы күрт нашарлағанын естіген. Тіпті дәрігерлер бір кезеңде оның жағдайын ауыр деп бағалаған. Осы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп, қасында бірнеше күн болғанын да атап өтті.
«Бұл - физикалық емес, рухани дерт. Балаларының тағдыры, ыдыраған әулеттің ауыр жағдайы оған қатты әсер етті», — деді ол.
Сонымен қатар Бейбіт Сапаралы Сара Назарбаеваның өткен жылдары таңертең салқын су құю әдетін де сөз етіп, мұның денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.
Оның айтуынша, белгілі бір жастан кейін мұндай әрекеттер адамға зиян келтіруі ықтимал.
Сұхбат барысында дінтанушы бұл пікірлерін жеке көзқарасы ретінде білдіріп, рухани және өмірлік ауыртпалықтардың адамның жағдайына әсер ететінін атап өтті.