Америкалық жұлдыз Дженнифер Лопес Алматыда өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Ал жергілікті қонақүйлер жұлдыздың жайлылығы үшін қызу дайындықты бастап кетті. Танымал әнші 100 адамнан тұратын тобымен келмек, сол себепті президенттік люкске арнайы оның өтініші бойынша джакузи орнатылады.
"Президенттік нөмірде джакузи болмаған, бірақ олар оны орнатуға келісім берді", – деді First Media Group компаниясының басшысы Әлфия Нұрғұмарова.
Бұл компания Дженнифер Лопестің сапарын ұйымдастырумен айналысады.
Дженнифер Лопеспен бірге келген бәрі сол қонақүйге орналасады, өйткені қонақүй әкімшілігі жұлдызды топты қала бойынша шашыратпау үшін жеңілдік жасап отыр.
"Астана концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасеновтың айтуынша, Лопес Қазақстанның көрікті жерлеріне қызығушылық танытып отыр. Алайда қаланы аралау туралы соңғы шешімді концерт күні, гастрольдік кестенің ауырлығына байланысты өз жағдайына қарап қабылдайды.
Еске салайық, бұған дейін Дженнифер Лопес ән шырқайтын сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңгеге сатылғанын жаздық. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге. 120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындар болды. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылды.