Қазақстан қор биржасында доллардың өсуі жалғасты. 5 қазанда күндізгі сауда қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 454,98 теңгеге жетіп, тағы 6,62 теңгеге көтерілді, деп жазады Democrat.kz.
5 қазандағы ресми бағам бір доллар үшін 447,73 теңге болып белгіленген еді.
Алайда KASE-дегі күндізгі сауда қорытындысында доллар 454,98 теңгеге дейін көтерілді.
Теңгенің әлсіреуі бұған дейін де байқалған. Жұма күнгі саудада доллар бір күннің ішінде 9,24 теңгеге қымбаттап, 451,50 теңгеге жеткен.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бағалауынша, теңгеге бірнеше фактор қатар қысым түсіріп отыр.
Олардың ішінде әлемдік мұнай бағасының төмендеуі, доллар индексінің халықаралық нарықта нығаюы және қазақстандықтардың валюта сатып алуға сұранысының артуы бар.
Бұған дейін теңге бірнеше апта бойы керісінше нығайып, доллар бағамы 438,9 теңгеге дейін түскен болатын.