Пара үшін несие алған: Білім саласында тағы бір былық ашылды

Пара үшін несие алған: Білім саласында тағы бір былық ашылды

Балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектесу шарты ретінде планшет пен микротолқынды пеш сұралған. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Астанада осы іске байланысты білім саласының лауазымды тұлғасына 10 млн 589 мың теңге, кәсіпкерге 7 млн теңге айыппұл тағайындалған, деп жазады Democrat.kz.

Козачковтың хабарлауынша, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған. Сот алдында елорданың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментін басқарған 51 жастағы Кенжегүл Бекимова мен балабақшаға жетекшілік еткен 35 жастағы кәсіпкер Құндыз Баяхметова жауап берген. Біріншісіне пара алу, екіншісіне пара беру айыбы тағылған.

Журналистің жазуынша, мемлекеттік қаржы алып отырған «Ботақан» балабақшасы аттестаттаудан өте алмай, уәкілетті органнан теріс қорытынды алған. Сол органды Бекимова басқарған.

Департамент басшысы әріптестерінен балабақша директорының телефон нөмірін алып, Баяхметоваға хабарласқан. Қажетті құжаттарды тапсыру керегін ескертіп, оны қабылдауына шақырған.

Козачковтың мәліметінше, кабинеттегі кездесуде Бекимова балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектесетінін айтқан. Бірақ оның орнына микротолқынды пеш пен тұғыры бар планшет әкелуді сұраған.

Кәсіпкер бұл ұсынысқа келісіп, техниканы сатып алу үшін несие рәсімдеген. Hansa маркалы микротолқынды пешке 32 мың теңге, Maxmoll планшетіне 350 мың теңге жұмсаған. Сатып алған екі құрылғыны департамент басшысына жеткізген.

Осылайша, балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектесудің шарты болған техниканың жалпы құны 382 мың теңгені құраған.

Екі әйелдің келісімі туралы құқық қорғау органдары білген. Жазбада олардың кінәсін мойындап, техника мен сатып алу түбіртектерін өз еркімен тапсырғаны айтылған. Екеуі де соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Козачковтың хабарлауынша, сот Бекимованы елеулі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 млн 589 мың теңге айыппұл тағайындаған. Сонымен бірге оған мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынған.

Құндыз Баяхметоваға пара бергені үшін 7 млн теңге айыппұл тағайындалған.

Екі құрылғыны сатып алуға 382 мың теңге жұмсалған болса, осы іске байланысты тағайындалған айыппұлдардың жалпы сомасы 17 млн 589 мың теңгеге жеткен.

Сот планшет пен микротолқынды пешті мемлекет кірісіне алу туралы да шешім шығарған. Журналист жазба жариялаған кезде сот үкімі әлі заңды күшіне енбегенін атап өткен.

Барлық жаңалықтар