«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының іріктеуінен өтіп, төлем қабілетін растаған қазақстандықтар енді баспананы 2026 жылдың соңына дейін таңдай алады. Бұған дейін оларға жылжымайтын мүлік іздеуге алты ай ғана уақыт берілген еді, деп жазады Democrat.kz.
Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға наурыздың 10-ы мен 31-і аралығында өтініш беріп, сәуір-мамыр айларындағы іріктеуден өткен азаматтарға жаңа мүмкіндік берілді.
Бұрын төлем қабілеті расталғаннан кейін баспана тауып, ипотекалық келісім жасауға алты ай берілетін. Енді бұл мерзім 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында бағдарлама арқылы негізінен бастапқы нарықтағы баспана сатып алынады. Ал өңірлер мен моноқалаларда бастапқы нарықпен қатар қайталама нарықтағы пәтерлер мен жеке үйлерді де қарастыруға болады.
«Наурыз» ипотекасының мерзімі 19 жылға дейін жетеді. Әлеуметтік осал санаттар үшін мөлшерлеме 7%, қалған қатысушылар үшін 9% деңгейінде белгіленген.
Алматы мен Астанада қарыздың ең жоғары сомасы 36 млн теңге, өзге өңірлерде 30 млн теңге. Таза әрлеудегі пәтер үшін бастапқы жарна 10%-дан, қара әрлеудегі немесе қайталама нарықтағы баспана үшін 20%-дан басталады.