Қазақстанда ипотека 2027 жылдың көктемінен арзандауы мүмкін

Қазақстанда ипотека 2027 жылдың көктемінен арзандауы мүмкін

Қазақстанда базалық мөлшерлеме бірнеше рет төмендегенімен, коммерциялық ипотеканың нақты құны әлі де жылдық 24–25 пайызға жетеді. Сарапшылар банктер тұрғын үй несиесінің пайызын төмендетуге тек 2027 жылдың алғашқы айларында кірісуі мүмкін деп есептейді, деп жазады Democrat.kz.

Ұлттық банк биыл базалық мөлшерлемені үш рет төмендетті. Маусымда ол 18%-дан 17%-ға, шілдеде 16,75%-ға, ал қыркүйекте 16,25%-ға түсті.

Бірақ коммерциялық ипотекадағы жағдай әзірге айтарлықтай өзгерген жоқ. Банктердің номиналды мөлшерлемелері шамамен 20,5–22,5%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 24–25%-ға дейін жетеді. 

Бірінші жартыжылдықта ипотека алуға берілген өтініш саны өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға азайып, 419,2 мың болды.

Бұған баспана бағасының халық табысынан әлдеқайда жылдам өсуі де әсер еткен. Жаңа үйлер бір жылда 15,5%, қайталама нарықтағы пәтерлер 11,8% қымбаттаса, халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1% өскен.

Соған қарамастан банктер бірінші жартыжылдықта шамамен 1,1 трлн теңгенің жаңа тұрғын үй несиесін берген. Нарықтағы өсімнің басым бөлігі мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар мен тұрғын үй жинақ жүйесіне тиесілі.

Сарапшылар базалық мөлшерлеме одан әрі төмендесе, банктердің ипотекалық өнімдері шамамен төрт-бес айлық кідіріспен арзандай бастауы мүмкін деп болжайды. 

Барлық жаңалықтар