Қазақстаннан 2,8 млрд долларға шығарылған мыс кені мен концентраты терең өңделсе, құны 6,45 млрд долларға дейін жететін өнімге айналуы мүмкін. Экономист Юрий Масанов Facebook-тегі жазбасында осындай есеп келтірді, деп хабарлайды Democrat.kz.
Алайда ол бұл айырманы елдің жоғалтқан ақшасы немесе дайын пайдасы деп санауға болмайтынын ескертеді.
Масанов бұл мәселені Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарымен байланыстыра көтерген. Сапарда өнеркәсіп саласындағы әріптестікке, өндірістерді Қазақстанда ашуға, технология мен инвестицияға назар аударылып, Aurubis компаниясымен кездесуде құрамында мыс бар күрделі шикізатты өңдеу, одан басқа металдарды бөліп алу және қайталама шикізатты пайдалану талқыланған.
«Қазақстанда мыс қоры мол болса, оны әрі қарай өңдеудің елеулі бөлігін неге әлі де басқа елдерге қалдырып отырмыз?» деп жазады экономист.
Оның келтірген дерегінше, 2025 жылы Қазақстанның тауар экспорты шамамен 79 млрд доллар болған. Соның 4,1 млрд доллары немесе 5,2 пайызы тазартылған мыс пен мыс қорытпаларына, тағы 2,8 млрд доллары немесе 3,6 пайызы мыс кені мен концентратына тиесілі. Екі санат елге жалпы 7 млрд долларға жуық экспорттық түсім әкелген.
Ал ірі импорт тауарларының арасында автомобильдер, телефондар, көлік бөлшектері мен дәрі-дәрмек бар. Масанов мұны шартты салыстыру деп атап, Қазақстан ертеңнен бастап өз мысынан смартфоннан автомобильге дейін бәрін шығаруы керек деген ой айтпайтынын түсіндіреді. Оның көтерген мәселесі, өндірістің қай кезеңдерін ел ішінде дамытуға болады?
Катодты мыс экспортталғанда, металлургиялық өңдеудің едәуір бөлігі Қазақстанда жасалып үлгереді. Ал концентрат шетелге кетсе, балқыту, тазарту, құрамындағы өзге металдарды бөліп алу және қосымша өнім шығару сол жақта жүреді. Зауыт, мамандар мен өндірістік инфрақұрылым да басқа елдің экономикасына жұмыс істейді.
Масановтың есебінше, Қазақстан жыл сайын концентрат құрамында шамамен 750–800 мың тонна мыс алады. Оның 470 мың тоннадайы ел ішінде катодты мысқа дейін өңделіп, қалған 280–330 мың тоннасы концентратпен бірге экспортқа кетеді.
2025 жылы сыртқа шығарылған мыс кені мен концентратының көлемі шамамен 1,4 млн тонна болған, бір тоннасының орташа құны 2 мың долларға жуықтаған. Экономист осы шикізатта шамамен 300 мың тонна мыс бар деп есептейді.
«Қазақстан концентраттағы металдарды тегін беріп отырған жоқ», деп ескертеді Масанов.
Бағаға төлем жасалатын мыс көлемі, ал құрамы мен келісімшарт талаптарына қарай алтын мен күміс те кіреді. Дегенмен есептен технологиялық шығындар, тасымал ақысы, кейде қажетсіз қоспалар үшін айыппұлдар шегеріледі. Сондықтан өңделген металдардың құнынан экспорт түсімін алып тастап, қалғанын Қазақстанның шығыны деу дұрыс емес.
Экономист ықтимал нәтижені көрсету үшін Балқаштағы жаңа мыс балқыту зауытының жобалық көрсеткіштерін негізге алған. Үкімет мәліметіне сүйенген жазбасында кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын шығара алатынын айтады.
Осы үлгімен есептегенде, мыстың тоннасына 14,5 мың доллардан алынса, оның жалпы құны 4,35 млрд доллар болады. Алтынның тоннасына 135 млн доллар деген бағамен 10 тоннасы шамамен 1,35 млрд долларға жетеді. Бұл концентраттың әр тоннасына шамамен 7 грамм алтыннан келеді.
Күмістің тоннасына 2 млн доллардан есептегенде, 300 тоннасы 600 млн доллар тұрады, яғни концентраттың әр тоннасына шамамен 214 грамм күмістен келеді. Күкірт қышқылын шартты түрде тоннасына 100 доллардан бағаласа, оның құны шамамен 150 млн доллар болады. Масановтың дерегінше, Қазақстан бұл қышқылдың шамамен 21 пайызын, яғни 624 мың тоннасын импорттайды, ал негізгі ішкі тұтынушысы уран өндірісі болып отыр.
«6,45 млрд доллар пайда емес, күрделі және күнделікті шығындар шегерілмеген өнімнің құны», деп түсіндіреді ол.
Есеп әртүрлі дереккөзден жиналған әрі шамамен жасалған. Нақты нәтиже концентраттың құрамына, алтын мен күмістің мөлшеріне, өңдеу технологиясына және нарықтағы бағаға байланысты. Бұған қоса зауыт салуға, электр қуатына, реагенттерге, жабдық пен жөндеуге, экологиялық шараларға, қызметкерлерге және тасымалға ақша қажет.
Масановтың айтуынша, қазір Қазақстанда мыс балқыту қуаты жеткіліксіз. Жаңа кәсіпорындарға миллиардтаған инвестиция, инфрақұрылым, электр энергиясы, технология және бірнеше жыл құрылыс уақыты керек. Балқаш жобасына салынатын жеке инвестиция 750 млрд теңгеге бағаланып, зауытты іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Сонымен қатар жылына шамамен 300 мың тонна катодты мыс шығаратын тағы бір ірі жоба көзделген.
Алайда зауыт салумен іс бітпейді. Қазіргі кәсіпорындарды жаңғыртып, кеңейтуге және жаңа жобаларға салынған ақшаны қайтаруға мүмкіндік беретін тұрақты, болжамды жағдай қажет.
Экономист кен өндіру мен өңдеуді бір-біріне қарсы қоюға немесе экспортқа жай ғана тыйым салуға шақырмайды. Оның ойынша, жаңа кен орындарын іздеу, өндірісті ұлғайту және ел ішінде өңдеуге инвестиция салу қатар тиімді болуы керек.
Катодты мыстан кейін де өндіріс жалғасады: мыс шыбығы, сым, кабель, фольга, қорытпалар мен электротехникалық өнімдер жасалады. Масанов Қазақстанда мұндай өнімдердің үлесі әзірге өте аз екенін айтып, негізгі мәселе өз мысымыздың айналасында қанша өндіріс, қызмет көрсету кәсіпорны мен инженерлік тәжірибе қалыптастыра алатынымызда екенін атап өтеді.