Астана әкімдігі қоғамдық көліктегі қолма-қол ақшасыз жол жүру ақысын 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Жаңа тариф мақұлданса, 1 желтоқсаннан бастап бір сапар 40 теңгеге немесе шамамен 36 пайызға қымбаттайды, деп жазады Democrat.kz.
Қала әкімдігі тарифті көтеру қажеттігін тасымалдаушылар шығынының өсуімен түсіндірді.
2014 жылы елордадағы автобус жолақысы 90 теңге болған. 12 жыл ішінде тариф бір рет қана өзгеріп, қазіргі 110 теңгеге жетті.
Осы уақытта дизель отынының литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттаған.
Жүргізушілердің еңбекақысы да айтарлықтай өсті. Әкімдік мәліметінше, 2014 жылы олардың орташа жалақысы 100–150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қосалқы бөлшектер, шина, аккумулятор, жөндеу және жаңа автобус сатып алу шығындары да артқан.
Сонымен бірге жеңілдіктерді сақтау ұсынылып отыр. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жол жүру тәртібі өзгермеуі тиіс.