Ақтөбе қаласында Есболовтар отбасының бес баласы өз аналары Жұлдыз Тлеуованы қорғауды сұрап, көмекке жүгінді. Қазір олар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, ал аналары - психиатриялық орталықта деп жазады Democrat.kz. сайты Аikyn.kz.-ке сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, аналары бұл жағдайға нағашы тәтесі түсірген.
– Біз бес баламыз, бәріміз оқимыз, ешқашан мектеп пен балабақшаны тастамадық. Анам туралы жақсы мінездемелер бар. Бірақ нағашы тәтем дәрігерге "ана есінен айрылған, балалар қараусыз қалған" деген жалған мәлімет берген. Осыдан кейін анам ауруханаға жатқызылды. Ал оның телефонын пайдаланып, үйімізді сатып, таныстардан ақша жинап алған. Кейін анама шизофрения диагнозы қойылды. Біз сотқа арыз бердік. Қазір анам Алматыда тексеруден өтіп жатыр", – дейді Құралай Есболатова өз бейнеүндеуінде.
Құралай – үйіндегі үлкен қыз. Олардың отбасы бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында тұрған. Әке-шешесі ажырасқаннан кейін анасы балаларымен бірге Ақтөбеге көшіп келген. Кейін туыстар арасындағы мүлікке байланысты дау туындап, салдарынан анасын психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп жатқызылған.
Сәуір айында бес бала осы жағдайдан кейін балаларды қолдау орталығы "Аялаға" орналастырылған. Мекеме басшысы Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, ол кезде анасы ауруханада болған.
Мамыр айында ауруханадан шыққан соң баратын жері қалмаған. Сөйтіп, олар дағдарыс орталығына жіберілген. Кейін анасы мен үлкен қызы өз еркімен орталықтан кеткен. Баланың еі кішкентайы 4 жаста, ал үлкені колледжде оқиды. Олардың бәрі сабағынан қалмады.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы балалардың әке-шешесі 2021 жылы ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Олардың мәліметінше, әкесі балалардың тәрбиесімен айналыспайды. Ал анасында баспана жоқ.
– Жағдай облыстық білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының тұрақты бақылауында. Анасының медициналық тексеру нәтижелері шыққан соң, қамқоршылық мәселесі заң аясында шешіледі", – делінген ресми хабарламада.
Қазір Жұлдыз Алматыда емдік тексеруден өтіп, ал бес бала үлкен әпкесі Құралайдың қарауында. Комитет өкілдерінің айтуынша, іс толық зерттелген соң ғана нақты шешім қабылданады.