Қазақстанда адам жол апатына түссе немесе ауруханаға ес-түссіз жеткізілсе, оның жақындары бұл туралы автоматты түрде біле алады. eGov-та шұғыл госпитализация кезінде алдын ала таңдалған адамдарға хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды, деп жазады Democrat.kz.
Жаңа қызмет eGov.kz порталында және eGov Mobile қосымшасында қолжетімді.
Азамат алдын ала үш адамға дейін сенімді контакт ретінде көрсете алады. Кейін өзі шұғыл түрде ауруханаға түсіп, жақындарына хабарласа алмайтын жағдайда жүйе сол адамдарға хабарлама жібереді.
Сенімді контакт 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
Қызметті қосу үшін eGov-та «Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді контактілерді тіркеу» қызметі таңдалып, жақын адамның ЖСН-ы енгізіледі.
Ол азамат өзінің сенімді контакт болуына келісім бергеннен кейін қызмет белсендіріледі.