"Екінші әйелдің баласы болдым" деген марқұм сатириктің естелігі қызу талқыға түсті

"Екінші әйелдің баласы болдым" деген марқұм сатириктің естелігі қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде марқұм, сатирик Көпен Әмірбектің естелігі жарияланып, оқырмандар қызу талқылауда деп жазады Democrat.kz. 

"Менің әке-шешем қойшылар. Мен дүниеге келгенде бір қойшының әйелі қыз туыпты. Қазақта «бел құда, бесік құда, қарсы құда» деген дәстүр бар ғой.

Әжем сол қызбен мені атастырып, бесік құда болыпты. Сырдың сағасында, сексеуілдің арасында көшіп-қонып жүрген әжем мені мектепке беруді ұмытып кетсе керек.

Бір қойшының киіз үйіндегі жиын тойда әлгі мені атастырған қыздың әжесімен менің әжем кездесіп қалмай ма? Сонда менің «қалыңдығымның» әжесі:
– Менің қызым биыл бірінші класты бітіріп жатыр. Жақсы оқиды! – деп мақтанады.

Сол кезде менің әжем санын сарт еткізіп бір соғады да, есек арбаға екі ешкіні салып алып, әлгі қыз оқитын төрт жылдық мектептің директорына барады.
– Менің баламды 2-ші кластан бастап оқытыңыз! – дейді.
– Here?
– Баламның атастырған қызы биыл біріншіні бітіріпті. Келіннен қалып қоймасын! – депті.

Сөйтіп, мен «алғашқы махаббаттың» арқасында екінші класқа бір-ақ бардым. Мектепті бітірген жылы оқуға түсе алмай, келесі жылы КазГУ-ге түстім.

Университетті бітіргесін де ел қатарлы журналист боп істемей, екі жыл әскерге кеттім. Саяси сатиралық «Ара» журналына алғаш рет алмай қойып, екі жылдан соң екінші ретінде қабылдандым.

Қырғыштың қырындай ғана «Аты жоқ кітап» деген алғашқы әзіл-сықақ жинағым жоспар бойынша 1976 шығу керек еді.

Жоғарғы жақтағы ЦК-ның қызметкерлері баспадан шығатын қыруар кітаптардың орысша тізімін қарап отырып, «Книга без названия» дегенді көреді де, «Әй, бұ жігіттер де қызық. Кітаптың атын неге қоймаған?» деп сызып тастапты. Келесі жылы шықты.

Мен әкемнің екінші әйелінен туғам. Ылғи да екінші реттен жолым болатын" депті сатирик өз естелігінде. 

Оқырмандар әжесі атастырған қызбен марқұм сатирик үйленбегеніне біраз қынжылып, Көпен Әмірбекті өмірінің өзі комедия екенін сөз етуде.  

Барлық жаңалықтар