Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсті ме? Полиция түсініктеме берді

Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсті ме? Полиция түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбектің Жамбыл облысында болған жол апатына қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция жол-көлік оқиғасы болғанын растады, алайда көлік жүргізушісінің толық аты-жөнін атамады деп жазады Democrat.kz.

Желіде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбектің жол-көлік оқиғасына қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны жазылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында болған.

Тараған ақпаратта көлік 36 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткені, ал рөлде экс-депутат Бақытжан Базарбек болуы мүмкін екені айтылған.

Зардап шеккен азамат аудандық ауруханаға жеткізілген.

Полиция не дейді?

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Тұрар Рысқұлов ауданындағы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы автокөлікті басқарған Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азамат орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды», – деп мәлімдеген полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция әзірге көлік жүргізушісінің толық аты-жөнін жариялаған жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде аталған адамның шынымен Бақытжан Базарбек екенін ресми түрде расталған дерек деп айтуға ерте.

Барлық жаңалықтар