Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі құрамынан шығарылып, мүлдем ресми қызметсіз қалды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Қазақстан қор биржасының (KASE) құжатына сәйкес директорлар құрамын өзгерту туралы шешім 7 сәуірде қабылданған. Ерболат Досаев аталған холдингтің басқарушы тобына биыл 13 қаңтарда ғана мүше болған еді. Қазіргі уақытта оның есімі мекеменің ресми сайтындағы тізімнен де алынып тасталды.
Бұған дейін ол Самұрық–Қазына ұлттық әл–ауқат қорының директорлар кеңесі құрамынан және Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымынан да босатылған болатын. Осылайша бұрынғы шенеуніктің қазіргі уақытта ешқандай ресми лауазымы қалмады.
Алматы қаласында 1970 жылы туған Ерболат Досаев әр жылдары қаржы, денсаулық сақтау және ұлттық экономика министрліктерін басқарды. Сондай–ақ ол Ұлттық банк төрағасы мен премьер–министрдің орынбасары қызметтерін атқарған. Оның соңғы ірі қызметі Алматы қаласының әкімі лауазымы болды, ол бұл орында 2022 жылдың қаңтарынан бастап 2025 жылдың 24 мамырына дейін жұмыс істеді.