Электросамокат жүргізушілеріне тағы да қатаң ережелер енгізіледі

Электросамокат жүргізушілеріне тағы да қатаң ережелер енгізіледі

25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz. сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.

Аталған күннен бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.

— Электрсамокатпен тек велосипед жолақтарымен немесе көлік қозғалысы бағыты бойынша жолдың оң жақ шеткі жолағымен жүруге болады, — деді Нұрлан Уваев.

Ол сондай-ақ 1 шілдеден бастап шеринг қызметтерінің операторларының электрсамокаттарды басқару құқығы жоқ адамдарға бергені үшін жауапкершілік енгізілгеніне назар аударды.

— Міндетті түрде тіркеу нөмірлері беріледі, бұл негізінен шерингтік электрсамокаттарға қатысты, сондай-ақ олар есепке алынады. Операторлардың электрсамокаттарды пайдалануды бақылаудағы жауапкершілігі күшейтілді, — деді ол.

Сонымен қатар электрсамокаттарды тек А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана басқаруға болады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жеке мобильділік құралдарын пайдалануды бақылау бойынша рейдтік іс-шаралардың қорытындылары да жарияланды. Оларға мыналар жатады:

  • электрсамокаттар;
  • электрскейтбордтар;
  • гироскутерлер;
  • сигвейлер;
  • монодөңгелектер;
  • электр қозғалтқышымен жабдықталған өзге де ұқсас құрылғылар.

— Бүгінгі күнге дейін рейдтік іс-шаралар барысында жеке мобильділік құралдарын басқарған алты мыңнан астам адам тексерілді. Олардың бес мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, он мыңнан астам көлік құралы айып тұрағына қойылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасып жатыр, — деді Нұрлан Уваев.

Жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша елордада мотоцикл және велосипед жүргізушілерінің кінәсінен 8 жол-көлік оқиғасы, сондай-ақ электрсамокат пайдаланушыларының кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Барлық жаңалықтар