Елімізде бензин бағасы тағы да қымбаттайды

Елімізде бензин бағасы тағы да қымбаттайды

Қазақстан бензин мен дизель отынының құнын көрші елдердегі бағамен теңестіреді. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қазір елімізде мұнай көп өндірілсе де, мұнай өнімдерінің өндірісі жеткіліксіз.

«Бензин мен дизель отынына қатысты жағдайды сіздер білесіздер. Олар көрші елдерге қарағанда әлдеқайда арзан, сондықтан біздегі жанар-жағармай тікелей сыртқа шығып жатыр – заңды жолмен, яғни транзиттік көліктер арзан жанармай құйып алады немесе контрабандалық жолмен әкетіледі. Сол себепті біз жанармайдың сыртқа кетуін тоқтату үшін оның бағасын біртіндеп теңестіруді жоспарлап отырмыз», - деді Скляр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, болашақта Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезеңін салу жоспарда бар. Ол мұнай өңдеу көлемін 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, Павлодар және Атырау зауыттарының өндірістік қуатын арттыру бойынша шаралар қолға алынбақ.

Барлық жаңалықтар